Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  76


Автор: Дихан Қамзабекұлы

АБАҚТЫДАН

Қымбаттым, дұғагөйім, қамқор анам,
Арнап хат жазайын деп алдым қалам.
Сізді онда, бізді мұнда аман сақтап,
Көруге жазғай еді Хақ тағалам.
Көре алмай өтірікші болып әбден,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген жазасы жоқ,
Үкімет ол зорлыққа не дүр шараң.
«Үмітсіз шайтан ісі» деген сөз бар,
Жолдар көп ұжмаққа да тарам-тарам.
Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.
Адамнан адам туып ісін етпей,
Ұялмай не бетіммен көрге барам,
Алданып бұл жалғанға оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі харам.
Көп айтпай қысқасынан сездіретін,
Балаңның мінезі бар сөзге сараң.
Кетер деп отқа құлап, суға түсіп,
Қайғырып менің үшін болма алаң.
Отырмын ағаш үйдің бөлмесінде,
Бұйрықсыз көз жетеді өлмесіме.
Қоршаулы айналасы биік қорған,
Берік қып салған темір терезесіне.
Қалайша мұны көріп көңіл сенбес,
Аттанып жау келсе де бермесіне.
Есіктің құлпы берік, күзетші мол,
Ажалдан басқа ішкім келмесіне.
Әуелде Лауқұл-Мақпұз жазбапты Алла,
Тағдырда бұл орынды көрмесіме.
Тайпалған талай жорға, талай тұлпар,
Тағдырдың кез болып тұр кермесіне.
Қаңбақпен салмағың тең бұл бір заман,
Ғилаж жоқ жел айдаса ермесіңе.
Солардан жаным, тәнім аяулы емес,
Орынсыз күйзелейін мен несіне.
Байтұрсынұлы Ахметтен
08.07.1932 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу