Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  94


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ЖАНҒА КӨҢІЛІМ ҚАЛЫП ТҰР

Жанға көңілім қалып тұр,
Жан бұл күйге салып тұр.
Тәнге көңіл қалып тұр,
Тән шыдамай арып тұр.
Жұртқа көңіл қалып тұр,
Жұрт жалғанға нанып тұр.
Өтірік өрлеп күшейіп,
Шын жеңіліп талып тұр.
Бақ дегенде байлау жоқ,
Уағдадан танып тұр,
Тағдыр шіркін тап беріп,
Тамағымнан алып тұр.
Жау білегін сыбанып,
Пышағын қайрап жанып тұр.
Сауысқан, қарға, қарақұс,
Жемтік аңдып бағып тұр.
Пәле деген аңдушы,
Аяғымнан алып тұр.
Жала деген төбеті,
Балтырымнан қауып тұр.
Ай, сені ме, дегеннің
Айызы әбден қанып тұр.
Көре алмаған күншілдің,
Көңіліне мұным жағып тұр.
Табалаған дұшпанның,
Шаян тілі шағып тұр.
Жаны ашыған жақынның,
Жас көзінен ағып тұр.
Айрыламыз амал жоқ,
Қылышын жерге шауып тұр.
Байтұрсынұлы Ахметтен
29.06.1932 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу