Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  111


Автор: Жанат Әскербекқызы

Аудармайын өткенге есімді көп...

Аудармайын өткенге есімді көп,
Қыз-ғұмырым тым келте кесілді деп...
Сырын жүрер әйтеуір өлеңге өріп,
Жетім көңіл жар болған жесір жүрек...


Өткен – өтті. Өтті ғой, өтті бәрі,
Маңай шулар, көп аузы, көп құлағы.
Қай-қайдағы өткенді салады еске,
Көктемеде күркіреп көктің әні.
Тентек бұлақ, сен маған неге күлдің,
Ұқпай жүрмін өкпесін мен өмірдің.
Қарашада қаңқылдап ұшқан қаздың
Қанатына тулатып өлең ілдім.
Өлең деген немене, кете барар,
Жүрек тағы жабығып жеке қалар.
Керуені күмбірлеп, қоңыраулатып,
Дәл тұсымнан өтер күн, өтер амал...
Қас-қағымға қамығып, есім жүдеп,
Көкірегімнен бір өксік жосылды кеп.
Тұла бойын сағыныш, мұң кернеген
Бұлқынады дәрменсіз жесір-жүрек...
5 тамыз. 2005. Астана.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу