Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  69


Автор: Жанат Әскербекқызы

Сенімге ынтық сезімім...

Сенімге ынтық сезімім, сыр бердің бе,
Қарашықтан қап-қара түн көрдің бе?!
Түйткілі көп түртінген тіршіліктен
Көңілім қалып барады күннен күнге.
Кердең күндер кердеңдеп, мезі қылды,
Танымастай танамын өз үнімді.
Өмір жайлы толғайды бір көмескі үн,
Елеңдетер ол үннің сөзі кімді.
Айқайладым – қайталап тау жаңғырды,
Сілкіледім есінен ауған қырды.
Жадымда ұстап күрсінем, көзім жасы
Қарға айналып, қаңтарда жауған күнді.
Ақпандағы ақ гүлдей дірдектедім,
Қимағаны-ай, көктемім гүл бөктерін.
Жөргегімде жабысқан өлең дерті
Ғұмыр бойы қинарын білмеп пе едім...
Соңдарынан сандалып кіл елестің,
Ай егестім, сорыммен жыл егестім.
Айықпай-ақ кетейін сол дертімнен
Айығуды сірә да тілемеспін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу