Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  87


Автор: Ербол Бейілхан

БАҚЫТТЫҢ ГҮЛІ

Сәукеле – сәуірім! Тобылғы торы
мұң сыйлаған,
Торғындай сусыған, тоқылдақ – уақыт
мазасыз.
Сарғалдақ сағыныш... қызғалдақ
ғұмырым қимаған,
Желбегей шапандай жел қуған
күндерім бағасыз.
Өлеңді жағалау, жусаны бүрлеген
күнгейім,
Сары сірік теріскей, сағым бел кілкіген
жоталар.
Ардағым!.. Өлшеусіз сезімді ақылмен
күрмеймін,
Сыртым дүр сыр бермес, ішімде боздайды
боталар.
Аршаның түсіндей жап-жасыл –
Бақыттың Гүлісін,
Жауқазын сезіммен бәйшешек
гүлдеді қырдағы...
Ақшулан бұлттар да төгіліліп
ән салды күміс үн,
Жүректің емі өзің, «Долана»,
қол жетпес шыңдағы.
Жүрегің кіршіксіз,
мөп-мөлдір қайынның сүтіндей,
Сағындым!..
төзімім қайыспас қарағай қапталы.
Көңіл бұл Жайықтай толқиды,
қаламын түсінбей,
Биыл тым әдемі,
Сәукеле – сәуірдің ақ таны!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу