Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  81


Автор: Ербол Бейілхан

КҮЗ –ЕГІЗІМ...

Бұрын күнім батпайтын қой баққанда,
Қой баққанда қиялда ой жатқанда,
Қараңғыны індетіп сай–салаға,
Шаңырақты күлімдеп Ай жапқанда...
Қәзір күнім сағымдай зуылдайды,
Шегіртке – өмір, мазамды ап шырылдайды.
Шідерінен үріккен асау уақыт,
Құр–құрласам артына бұрылмайды!..
Өкініш көп... өксік жоқ, Көңілімде,
Өлең балқыр – ой теңіз көрігімде.
Қош–қош айтып, сергелдең сері күнге,
Күзді құштым, жазымнан жерідім де...
Күз – Егізім, кісінеп мені іздеген,
Бейіт – пейіш бет бұрдым көне ізбенен...
Сен бір дәруіш – сағынып мені іздеген,
Мен диуана – адасып ел іздеген...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу