Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  59


Автор: Ербол Бейілхан

КӨКТЕМ

Түсімде ылғи қауышам көшкен жұртпен,
Алтай саған жетем бе, көшкен бұлтпен...
Шырайындай қалқаның ұят тамып,
Сарыарқаға сағынтып көктем жеткен.
Күлім көз күн, қарайды кірпік ілмей,
Жер исініп, қар жылар күлкі білмей.
Бәйшешек - қыз құлпырып бойын түзеп,
Көңіл өсер қайынның бүртігіндей!
Мейірлі күн, жер сәби құндағындай,
Төл дауысы оятқан қырларымды-ай!
Шартарапқа шапқылап көңіл дөнен,
Шаранама сия алмай тұрғанымды-ай!
Жасыл – көйлек, Көктем – қыз,
көркем едің,
Жаңартатын жандарды ертегі едің!
Мейіріміңді сағындым дәл әжемдей,
Менің саған келіп тұр еркелегім!..
Ұлысым оң, Наурызда Әз болады,
Көкпар тартып, қыз қуып мәз болады.
Сары күзде сарғайтып ұшып кеткен,
Аққу ұшып, көліме қаз қонады.
Бел, бетеге, қырат, қыр бусанулы,
Мұрын жарған сағындым жусаныңды.
Бесті асаудай дес бермес қатал қысың,
Шеше салды күрмеулі құрсауыңды.
Құстар үні жағып тұр құлағыма,
Күміс күлкі жарасар бұлағыма.
Көктен жеткен бақыттың нышаны ма,
Ұя сапты қарлығаш тымағыма...
Көктем келді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу