Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  95


Автор: Ербол Бейілхан

БІЗДІҢ АУЫЛ

Көне соқпақ. Көне ауыл. Көнегі бар.
Қына басқан тау-тастың дерегі бар.
Біздің ауыл: әлі сол көшумен жүр –
Қоңыр мұңы, қоп-қоңыр өлеңі бар.
Мұнарлы тау, бұлт шөккен, түске кірме,
Көлеңке түсе берер құс – көңілге.
Тоқым жастап, ұл өсер – ішпегінде,
Қыз сүйеніп бой түзер – піспегінде.
Туған ауыл: қымбат сол ескілігің,
Ескілікте жатыр сол – естілі ұғым!
Тағдырыңа иленген жоқсың ғой сен,
Тезге салмақ болғанмен төс – ғұмырың.
Сол ауыл бұл! Мың көшкен сағы сынбай,
Иір-иір өмірдің ағысындай.
Баба салтын сонда да тастаған жоқ,
Ту ғып ұстап жығылмас намысындай.
Көне сүрлеу. Қойлы ауыл. Қосақ керген.
Киіз үйге сән берер шашақ кермең.
Осы ауыл сол – жылаған «Елім-айлап»,
Осы ауыл сол – тентіреп масақ терген.
Көген есіп, бау тоқып, арқан тілген,
Сөз кестелеп, ой өрген – дархан тілден.
Ноқтасына көнген жоқ өзге ұлттың,
Үміттерің үзген жоқ, Шалқар Күннен.
Тұғырыңда байладың қыраныңды,
Асау мін деп өсірдің ұланыңды.
Күпі киіп, сырластың жұлдыздармен,
Өшірмедің білтелі шырағыңды.
Бір ауыл бар: бар дәстүр сонда білем,
Ақындары жыр оқыр Айға кілең!
Арғымағы кіл жүйрік майда күрең,
Күллі әлемді тамсантқан оймағымен,
Ескілігін сүйем де сол ауылдың,
Сағынышым сар тап боп, ойда жүрем!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу