Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  78


Автор: Ербол Бейілхан

ҚОҢЫР ҚОЗЫМ-АУ!..

Қоңыр қозым-ау, маңырамашы,
жоғалтып алып енеңді...
Қоңыр ойларым жамырамашы,
тоналтып алып көнеңді...
Қобыз кеудем-ау, аңырамашы,
Шерімді қозғап шемен-ді?..
Домбыра – ғұмыр әуенін қайда,
Тарихым жатыр пернеңде.
Әділ сөйлейтін «мәуелім» қайда,
Арғымақ қайда белдеуде?
Ұл болып емген мәйегің қайда,
Бөрілік қайда кеудеңде?
Алмас мінезім, майырылдың ба,
Жау орнына – боқ шауып...
Кереге қанатым қайырылдың ба,
Сеңгіріңнен бақ тайып...
Туған тілімнен айырылдым ба,
Ауа орнына – от қауіп...
Құмға сіңген құмыра – жылдар,
Ерте бермеші елеске?
Отарлық өткен рухсыз құлдар,
Түсе алмайды егеске!
Қарнын күйттеген қулар мен сұмдар,
Бақытсыздығың емес пе?..
Қоңыр қозым-ау, маңыра тағы,
Иесіз менде жетіммін.
Оралдым міне, қағыма тағы,
Оралдым ерке кекілдім.
Қоңыр мұңдарды жүрекке артып,
Өтеді-ау, қайран есіл күн!..
...Қоңыр қозым-ау, маңырашы?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу