Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  83


Автор: Жанат Әскербекқызы

Сары ала қаз -ау...

Сары ала қаз-ау,
Сағыныш па едің?!
Алып ұш менің жанымды,
Жаныққан желді жарып ұш дедім,
Қаңқылдай айтып әніңді.
Қанатың нені,
Ауырсынулы...
Қауырсыныңды қалам қып,
Сағымға жаздым тәуір сырымды
Сөйлеуге қылып сараңдық.
Арғанатыны
Аңсап барасың,
Шаршап қаласың,
жайлап ұш...
Бар пейіліңмен жар сап қаласың,


Сезімтал сендей қайда құс?!
Сары ала қазым –
Тағы құсым-ау,
Сағынышым-ау сары ала,
Сары шуақ сепкен сары мүсін-ау,
Сарығып қалған санама.
Кеудемді жарып,
Егіліп ұшқан,
Сор іліп ұшқан өлеңсің,
Сергелдең күнде сеніп, ұғысқан
Өзіме қайтып келерсің.
Сары ала қазым –
Киелі құсым,
Сүйерімісің ділімнің?!
Көгіңе қарап күйеді де ішім,
Қанатыңа келер ілінгім...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу