Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  107


Автор: Жанат Әскербекқызы

Шолпан туды...

Шолпан туды,
Шолпып жаттым мұңға бір,
Қараңғылық, қара бассын, құмға кір .
Әлдеқайда асықтыңдар жұлдыздар,
Аялдаңдар.
Тәкаппар ай, тыңда жыр.
Шолпан туды,


Таң атады ұзамай,
Таң атады, көзі мөлдір, жүзі арай.
Қараңғымен қайымдасқан күдігім,
Қара түнмен қабағымнан ұзағай.
Шолпан туды,
Күннен қалған көңілі
Түннен қалған.
Бар еді оның не міні,
Түнді таңға жалғап тұрар әрдайым,
Құрмет те осы, міндет те осы ең ұлы...
Шолпан туа көкке қарай ұмсынам,
Шақырады соған мені тылсым ән.
...Қасыңа алшы, кірбің қабақ серігім,
Мезі етті ғой күту менен кіл шыдам.
Күллі жерден ажырайын, кетейін,
Алқаң болып, алқымыңа жетейін.
Тұншықтырған түнге өкпелеп не етейін,
Күңсіп тұрған күнге өкпелеп не етейін...
Шолпан туды,
Сан қиялға шолпыдым,
Күнге жатпын, ал, түн үшін олқымын.
Сәттік тірлік сарықтырмас санамды,
Бейсауат жел, қиялыма бер тыным!



7 қазан,1995. Өскемен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу