Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  65


Автор: Есләм Зікібаев

БІР НƏЗІК ƏН

Əн салады жүрегім –
Бір нəзік əн,
Жаңа ашқандай қоймасын жыр қазынам.
Түсінбеске түк емес,
Түсінгенге...
Барым-арым,
Айтылған сыр-базынам.
Ақын ба сұлулықты түсінбеген,
Өңім тұрмақ,
Көремін түсімде мен.
Сені, жаным, жай ғана шебер емес,
Табиғаттың өз қолы мүсіндеген.
Табиғаттың өз қолы мүсіндеген –
Бір көлеңке,
Бір қылау түсірмеген.
Сені туу арқылы құдіреттің
Танытайын деген-ау күшін де ерен.
Бұл пəниде шын өнер қайталанбас,
Қайталанбас –
Жаның да жай таба алмас.
Кешір,
Бəлкім, сендегі сұлулықты
Менің жырым жеткізіп айта да алмас.
Артайын ба сол үшін жырыма өкпе.
Ұға алмадым –
Сендегі құдірет не?
Дүниенің бар сөзі тең келместей
Кеудеме əкеп сен салған суретке.
Барым-арым,
Айтылған сыр-базынам,
Əн салғандай жүрегім,
Бір нəзік əн.
Түсінбеске түк емес,
Түсінгенге...
Жаңа ашқандай асылын жыр қазынам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу