Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  229


Автор: Жанат Әскербекқызы

Маңғыстауға сапар

1
Үстірттің үсті. Көк тұнық.
Көз ашқан кезі көктемнің.
Оғланды жаққа бет бұрып,
Ия, Бекет ата деп келдім.
Шөліркеп жатыр маң дала,
Аспанға қарап, қол жая.
Кез болып, қарар паңдана
Боталап жатқан нар мая.
Бошалап жеткен жері бұл –
Ботасы тұрды талпына.
Өбектеп көктем желі жүр,
Асығып жеткен алқына.
Қарай да қарай барамыз,
Аялдай алмай жолға көп.
Біз көрген кептің бәрі – аңыз,
Ия, Бекет ата, қолда деп.
Мая мен бота – тілекшім,
Көңілді тербеп өтті өлең.
Тәу етер танып жүрек шын,
Ия, Бекет ата, деп келем...


Сені іздеп рухым егілер,
Санамды Тәңір жалты ұрған.
Ботаны көр де мен көр –
Өзіңе қарай талпынған...
2
Шопан ата қорымы... Көне қорым,
Алаңдайды көңілім неге менің.
Көне қорым толғанса көне тілмен,
Көне күннің елесін көрер едім...
Маңғыстаудың мұнартып тұр аспаны,
Үстірт көшіп көзімнен, қыр асты, әні.
Ойға шомған бейіттер селт етпеді
Обашықтар тіс жарып, сыр ашпады...
Елегізем көрердей көне күнді,
Қаусырып ап жатқандай төбе мұңды.
Мешітінен мәңгілік жайын тапқан
Шопан ата берер ме керегімді.
Бағзы заман... шіркін ай, баяғы күн,
Баяғының бар сырын жаяды кім.
Бастауынан адасқан болмысы бар
Біздер үшін баяғы саялы ұғым.
Баяғының киесін кім аңдапты,
Бұлтыңы көп бүгінім бұлаң қақты...
Қош келдіңдер дегенді көзбен айтып,
Қозғалыссыз сары үйек жылан жатты.
Шопан ата қорымы... көне қорым...
Көнемен бір қауышсам деген едім.
Үстірт үсті үнсіз қап, қырат мүлгіп,
Тосырқайды тұйықтау төбелерім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу