Өлеңдер ✍️

  18.08.2022
  103


Автор: Батырхан Сәрсенхан

Сен кеттің де, басталды солай бәрі...

Сен кеттің де, басталды солай бәрі,
Құмырада қызыл гүл қарайғалы.
Сызылды сарсаң бастың сан ойлары,
Үзілді тіршіліктің арайлы әні.
Түс көрем, тіпті өңімде боп көрмеген,
Сүйкімді ғой, сүйкімді өткен деген.
Саяқ бір сауық кешке шығам, сосын,
Көңілді, тым бақытты бет пердемен!
Жалма-жан қарсы алады қалың адам,
Белгілі бәрі маған.
«Шайыр келді!»
дер бірі, қақ жарылып,
Қол соғар, гүл ұсынса қабыл алам!
Масаң күлу, көлгірсу, кәрі мақтау,
Аты да, заты мәлім.
Кешікпей-ақ қарамды батырамын.
Сен жоқсың,
өмір де жоқ,
жоқ, ендеше!
Қайдасың, ақылдылау ақымағым,
Қайдасың, жалғыз үміт жапырағым?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу