Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  78


Автор: Бауыржан Үсенов

ОРАЛДЫМ ТУҒАН ЖЕРГЕ АҚПАНДАТЫП...

Шыңдары көкке атылған белең алып,
Арқарлы тау бар ма екен сенен алып.
Туысы Қазығұрттың аты шыққан
Ғайыптан биігінде кеме қалып.
Шалғайдан сағындырып ел – аналық,
Келемін бауырына мен оралып.
Қол салып жүрегімді жаман езген,
Тартады сағынышты сана – безбен.
Төсіңнен еркелікпен ерте кеткен,
Ұлың ем жастайынан қала кезген...
Алдымнан ұшып-қонған кекіліктер,
Аш түлкі азық іздеп дала кезген –
Көзіме таныс сурет бала кезден.
Қасқа жол ойдан асып, тауға салған,
Кеттің деп тым созылып – дауласа алман:
Қар басқан қияндағы қараша ауыл,
Шешенің болмасам да жауға салған.
Оралдым бөлтірікше ұлып-ұлып,
Шалғайда қасиетіңді шын ұғынып –
Тұратын таңы тамып, түні күліп,
Тұсайтын пенделерін құлы қылып,
Болмайтын Батыс, Шығыс шәрлерінде
Бар сенде мен білетін бір ұлылық.
Иісі шайырының тұншықтырған
Орманың болмаса да сыңсып тұрған,
Өкірген дарияларың болмаса да
Көктемде өткел бермей қырсық қылған,
Тарғыл тас, таз төбелер түсіме енсе,
Ұйқымнан талай рет ыршып тұрғам.
Төсіңде мамырлап тұр ақпан айы,
Ой-қырға жалатқандай ақ қалайы.
Өзіңнің ақ батаңсыз ұстатар ма
Жігіттің жетем деген бақ талайы?!
Тай жығып, қошқар жарып, майды асаған
Қасқырлар қарап жатыр қай тасадан?
Көрсетсе азу тісін айналсоқтап,
Оларға бауырмыз деп айта салам.
Оралды қошақаның қайта саған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу