13.08.2022
  377


Автор: Альберт Лиханов

ЖЕДЕЛХАТ

Осының бәрі де болып па еді? Болды ма?
Кестелі көйлек киген ақ шашты адам, оны алысқа әкетіп бара жатқан автобус, іші сап-салқын фотоателье – осыларды айтамын.
Осылар шын болған нәрселер ме, әлде ойдан шығарған әңгіме, түс емес пе екен? Атамның қасында жүрген мен бе екенмін? Онымен әңгімелесіп, көңілді күлісіп,
бірге жүрген менмін бе? Ешнәрседен қамсыз, мұңсыз, ешнәрсені ойламай тіршілік еткен адам да менмін бе?
Атам украиндық келгенше мазасы кетіп еді, ол кеткеннен кейін де тыныштала қоймады. Тағы да бөлменің ішін кезіп, ысқырып ән айтатын. Телефонның құлағын ұстай алып, әлдебір жерге қоңырау шалады да, құмырсқа илеулерінің қалай көшіріліп жатқандығын біледі. Ол мәселені ешкім білмегендіктен, тағы да өз-өзінен күйіп-пісе бастайды.
Мен оның көңілін бөлуге тырысамын. Түрлі-түрлі сауалдар қоямын.
Ол асыға-үсіге жауап береді де, үйдің айналасындағы жердің қалғанын қазуға тағы кіріседі. Кешкісін арнаулы машина ұйымдастырып, жас ағаштарды әкелмекші болып уәде берген, бірақ уәдесін уақытында орындай алмаған папаммен ренжісе бастайды.
— Саған не болған? – дейді папам. – Тынышталшы құдай үшін! Машина бүгін болмаса, ертең болады, өзіміз де жоспар орындаймыз деп жанталасып жүрміз. Жалпы, папа, саған не болған өзі! Танымастай өзгеріп кетіпсің?
Атам түні бойы ұйықтамай аунақшып шығады. Мен оған суға дәрі тамызып әкелем де:
— Дәрігерге неге қаралмайсың? – деп сұраймын.
Ал ол болса, жауабын әндетіп өлеңмен айта бастайды: Егер мені дерт меңдесе,
Дәрігер келіп қоймасын? Достарым ғана емдесе,
Мейлі, мені ауысқан деп ойласын. – Төсегім боп далам жатсын,

Тереземді бұлтпен жапсын, Бас жағыма шырақ қылып, Ағып түскен жұлдыз жақсын.
Ол да күледі. Мен де мәзбін.
Содан кейін еш алаңсыз, тұяқ серіппей қатты ұйықтаймын. Аспаннан ағып түскен жұлдызды көрдім түсімде. Бірақ атам әнге қосқандай жұлдыз емес, құйрықты жұлдыз екен деймін. Артындағы шұбатылған құйрығы су сияқты ағып бара жатады, мен оған қолымды созамын да, қайтадан тартып аламын, өйткені жұлдыз от болып жанып тұр екен деймін...
Таңертең есіктің қоңырауы шылдырлады.
Мен есікті ашуға ұмтылғанда, атам да бірге ілесті, Табалдырықта жеделхат таситын кісі тұр екен. Баяғыдағының өзі!
Ол қырынып-шайынып, таза көйлек киіп келіпті.
— Қол қойып жіберіңіз, – дейді ол жанарын жасырып.
Атам қолын қойды да, жеделхатқа қолын созды. Бірақ ол қағазды бере қойған
жоқ.
— Тыңдаңызшы, – дейді ол даусы қырылдап, – сіз өзіңіздің генерал екеніңізді
сонда неге айтпадыңыз?
Атам тамсанып қойды.
– Оның бұл жерде қандай қатысы бар? – дейді ол. – Бұдан былай да қандай қатысы болмақ.
— Әрине, қатысы болады, – дейді жеделхат тасушы. Сөйтті де өз-өзінен қымсынғандай. – Әрине мен сіз үшін кіммін? Маскүнеммін! Кешіріңіз! – деді.
Ол жеделхатты ұсынып еді, бірақ атам ала қойған жоқ.
— Біле білсеңіз, – дейді ол. – Мен сіз жөнінде еш байлам жасай алмаймын, өйткені бар болғаны екінші рет қана көріп отырмын ғой. Сізді соншама жақын білуім міндетті де емес шығар. Егер сіз шын мәнінде майор болсаңыз, онда соғысты еске алыңыз. Соғыстағы өзіңізді еске алыңыз. Соғыстағы ғана емес, ең бір қиын сәттердегі өзіңізді еске алыңыз. Өзіңіздің қандай екеніңізді еске түсірсеңіз, ол сізге көмектеседі,
Жеделхат тасушының қолдары салбырап, басын изеді. Сонан соң:
— Бүгін соңғы күн Жеделхат тасып жүрмін. Мынау ең соңғым. Тіпті көрдіңіз бе, сізге келетінімді білген соң киімімді ауыстырып, қырынып шықтым. Қысқасы құрылысқа барамын. Әзірге дәнекерші болмақшымын. Бірдеңе шыға ма онымнан, әлі белгісіз.
— Әрине шығады, – дейді атам. – Бәрі де дұрыс.
— Жарайды, мен кеттім, – жеделхат тасушы кең тыныс алды. Езу тартып күлді де: – Кешірім сұрауға ғана келдім, жолдас генерал, – деді.
— Мен сіз үшін генерал емеспін, – дейді атам.
— Жоқ, – дейді жеделхат тасушы. – Мен үшін сіз дәл қазір генералсыз.
Оның тағы да ұсынған жеделхатын атам алды да, қолын қысты. Қатты қысты. Есік жабылды. Атам қабырғаға сүйеніп, сыбырлай тіл қатты:
— Антошка, дәрі! Тезірек!
Мен құстай ұштым. Нажағай сияқты.
Ас үйге барып, ыдысқа он бес тамшысын тамыздым да, кідірмей қайта жүгірдім. Мен дәрі тамызып тұрған кезде, аула жақтан жүк машинасының гудогы естілген.
Терезеге көз салып едім, сыртта жас қайыңдар мен шыршаларды толтыра тиеген самосвал тұр екен.
— Әкелді! – деп айғайладым атама. – Жас өскіндерді әкеліпті.
Ол маңдайының тері шып-шып шығып, дәлізде тұр екен. Өңі аппақ қудай.
Дәріні ішіп алып, кең тыныстады. Сөйтті де:
— Күректі бер! – деді.
– Аздап жату керек! – дедім мен.

Атам үндеген жоқ. Жеделхатты алып, оған қарады да, маған ұсынды.
«Суреттердің басқа адамдардікі екенін экспертиза дәлелдеп берді. Кешірім етіңіздер. Савченко».
— Көрдің бе, – дедім мен қуана айғайлап. – Барлығы да ойдағыдай болды!
Мен куанышты едім. Шексіз қуаныштымын. Сөйтіп, атамның қиналған сәттері осымен тәмамдалған шығар. Ол да маған күле қарап, көзін қысып қойды. Сөйтті де қолына күрегін алып, аулаға шықты.
Машина жүгін түсіріп болды да, кетіп қалды. Мен де жұмыс киімдерімді киіп, атама көмектесуге шықтым.
Сол кезде ауладан әлдекім жан ұшыра айғайлады:
– Антошка! Антошка!
Мен терезеден қарап едім, көршінің балалары маған қол бұлғап шуласа жөнелді:
— Тезірек! Тезірек. Атаң!..
Жүрегім жарылып кеткендей есікті тарс жауып, басқышпен төмен қарай зымырай женелдім.
— Қайда? – дедім мен жан ұшыра. – Қайда?
Атам өзі қазып тастаған жерге бетін төсей жығылыпты. Бір қолыменен ақ қайыңның жіңішке діңін, екінші колымен күректі қыса ұстапты.
— Ататай! – деп сыбырладым мен. – Қане, тұра қойшы! Ататай! Мен оны шалқайтып жатқыздым.
Көзі ашық қалыпты,
А-а-а-а-а! Мен әлі күнге дейін өзімнің сол айқайымды естіп тұрғандай боламын. Жарым түннің ортасында бетімді тер жуып, орнымнан атып тұрдым да,
сыбырлай тіл қаттым:
— Ата! Ататай!
Бірақ ешкім жауап бермейді.
Мен жылап тұрмын. Езіле, жаншыла, даусым қарлыққанша жыладым! Бөлмеге мамам жүгіріп келді, Иығымнан аялай сипап:
— Антошка, Антошка, – дей береді. Оның өзі де солқылдап тұр.
Папам кірді.
Ол екеумізді де бар күшімен қапсыра құшақтап, үздік создық дауыстайды.
— Балалар! Балалар! Азаматсыңдар ғой! Жоқ, бұған төзу мүмкін емес!
Бұған ешқандай күш жетер емес.
Менің оған мүмкіндігім жоқ, шамам келмейді, ұғасыздар ма! Азамат болудың өзі қолымнан келер емес!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу