12.08.2022
  82


Автор: Альберт Лиханов

КҮТПЕГЕН ХАБАР

Қысқасын айтқанда, атам сол көңілді хаттарын жазып, біздер де дәл сондай жауаптарды боратып жаттық. Өзіміздің қалай тұрып жатқанымыз, электростанция құрылысының барысы, жалпы біз жақтағы тіршіліктің өте көңілді екендігі жайлы есеп беруден танған жоқпыз. Ал, өз басымның атамның тіпті біз жаққа бір кезде келетініне күмәндана бастағанымды жасырғым келмейді. Ең жаманы, менің де атам бар дегенге сенбейтін болдым.
Дәл бүгінгідей есімде, бірде Анна Робертовнадан, француз тілін үйренуден келгенмін. Ол менің шамамның жеткенінше французша түсінісуді окытатын. «Ойда жоқта, – дейді, – поселкамызға француздар келе қалды дейік, немесе өзіңнің Францияға жолың түсе қалды дейік. Сонда сен өзің жайлы айтып беруіңе тура келеді. Қане, сонда не дер едің?»
Мен сүрініп-жығылып, айта бастаймын: «Ж’обите дан Сибир». Былайша айтқанда, мен Сібірде тұрамын. «Мон пэр инженер». «Менің әкем – ииженер». Солайша кете береді. Мен сол кезде-ақ Анна Робертовнадан «ата» дегенді французша не дейтінін сұраған болатынмын. «Гран-пэр» – деген ол. Сөзбе-сөз аударғанда «үлкен әке» болып шығады екен. Бір түрлі қызық, кісінің күлкісін келтіреді.
— Сенің атаңды генерал дейді ғой, ә? – деп сұрады Анна Робертовна.
— Ага, – деймін мен.
– «Ага» деген сөз жоқ біздің тілімізде, – деп ренжіп қалды Анна Робертовна.
«Ага» – бұл татар тілінде «бай», қожайын» деген мағына береді. Шын мәніндегі тәрбиелі бала болғың келсе, еш уақытта «ага» деуші болма. Уй, пардон, «иә» деп жауап бер.
Міне, Анна Робертовна дегеніңіз қандай кісі! Оның өзі революцияға дейін аталуы қызық бір институтта оқыған көрінеді. Тәрбиелі қыздар институты дей ме, бірдеңе? Атының өзі күлкіңді келтіреді. Содан да болса керек, мені де инабаттылыққа тәрбиелемекші. Әрине, дауласып жатпадым.
— Уй, – деп жауап бердім оған, – менің атам – генерал.
— Француз армиясында, – деді Анна Робертовна жанары мұнартып, – егер

офицер өзінен шені кішіге бірдеңе айтқысы келсе, онда шені кішісі өзіне қалыптасқан дәстүрмен үн қатуы керек. «Иә» немесе «дәл солай» деп тұрмайды, «менің лейтенантым!», «менің капитаным!», «менің генералым!» дейді.
Анна Робертовна әлде не бір ой қуалап кеткенде мен французша «менің генералым» дегенді қалай айтатынын сұрадым. «Мон» – бұл сөздің «менің» екенін жақсы білетінмін, ал генералды қалай айтатынын білмейтінмін.
— Мон женераль, – деді Анна Робертовна ерекше бір мақаммен – ех, шіркін- ай, құлаққа қандай жағымды естіледі десеңші! Мон женераль!
Міне, сол күні мен үйге келдім де сорпамды жылытып, тоңазыған котлетті қаужай бастап едім, есіктің қоңырауы безілдей жөнелсін. Шырылдатып әкетіп барады. Тағы да Кешка екенін сезген бойда жыным келді. Үйге берген тапсырманы күнделігіне жазуды ұмытып кетеді де жын ұрғаңдай өстіп қоңыраулатып жүргені. Мұндай-мұндай онда жиі болатын әдет. Ас үйде тұрып дауыстадым:
— Ақырын! Әйтпесе, көкеңді көрсетіп жіберемін!
Есікті ашсам табалдырықта әкем тұр. Оны дәл мұндай қалпында ешуақытта көрмеген едім. Мойын орағышы желпілдеп, қалпағын милықтата киіпті, жанары от шашып, ауыр тыныстайды. Баспалдақпен жүгіріп шыққанға ұқсайды. Маған жалғыз түсініктісі сол, түрінен үрейлі суықтық байқалады. Сонда не жайлы?
— Мамаң қайда? – деді ол әдеттен тыс қатты сөйлеп.
Мен басымды шайқадым. Қызық сауал! Ол бұл кезде жұмысында болуға тиіс
қой.
Әкем мені ығыстырып тастады да, кілемнің үстін лас етігімен көктей басып,
телефонға барып жармасты. Бұл ісі үшін мамамнан көресісін көрер әлі деп мен тұрмын.
— Станция! – деді ол бар даусымен, – Станция! Ауданмен жалғастырыңызшы!
Содан кейін маған бұрылып, бесінші рет қайталап айтқан бұйрығын орындамай тұрған кісіге сөйлегендей айкайласын келіп:
— Жинал! Тез! Атаң ұшып келе жатыр! Жаңа ғана телефон соқты!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу