12.08.2022
  144


Автор: Альберт Лиханов

ӘКЕМ ЖАЙЛЫ

Менің әкем – Атышулы Көшпенді. Мамам көңілді отырған кездерде әкемді осылай деп атайды. Ондай кездерде өзінше рахаттанып жымиып күліп отыратын папамды бейкүнә мысықтың баласы – марғауға ұқсатуға болар еді. Оның есесіне, мамамның көңіл-күйі нашар болса, папамды Жолы Болмаған Қаңғыбас деп те атайды. Ондай сәттегі жаутаңдап отырған әкемді көрсеңіз, ересек балалар сөмкесін тартып алған бірінші сыныптың оқушысына ұқсатар едіңіз. Әрине, ондай кезде папамды аяп-ақ кетемін. Қалай дегенмен де Атышулы Көшпенді мен Жолы Болмаған Қаңғыбасыңыз – құрылыстағы бас инженердің орынбасары ғой.
Тіпті, бір-екі үлкен кісілердің мені иектерімен нұсқап қойып, «орынбасардың ұлы» дегендерін де естігенім бар.
Әу баста ұқпай қалғаным да рас, дегенмен менің әкемнің орынбасар екенін, ал өзімнің сол «орынбасардың ұлы» екенімді тез пайымдадым.

Міне, солай. Мамамның оны «Жолы Болмаған Қаңғыбас» деп жазғыратыны да ағат-ақ, өйткені жаңағы екі кісінің «орынбасар» деген сөзді ерекше бір ілтипатпен айтқанын анық білемін. Тіпті, сол екеуінің мен туралы іш жылытар дұрыс пікір айтқанын да естідім. Әрине, олар мақтайтындай ештеңе бітіре қоймағаным түсінікті, қарапайым ғана төртінші сыныптың оқушысымын. Маған елжірей қалуларының себебі папамды сыйлағандықтарынан екені тағы түсінікті.
Атышулы Көшпенді атанғаны үшін әкемді де айыптауға болмас, өйткені оның жұмысы солай ғой. Ол электр станциялары құрылысының маманы. Бірін салып бітірсе, екіншісіне ауысады да, тағы құрылысқа кіріседі. Мамамның да бірге ілеспеуге шарасы жоқ. Менің ілесуім болса, болмаса да ғой. Бұл түсінікті шығар, мамам – оның зайыбы, ал мен – ұлымын.
Мамамның көңіл хошы болмай отырған кезде:
— Москваға кеткім келеді, ат шаптырым кең пәтердің бос қаңырап тұрғаны анау! Астананың театрларын айтсайшы! Еңбегіміз сіңген жоқ па еді! Үшінші станцияны тағы салысып жатқанымыз болса мынау! – деп бұрқылдайтыны бар.
Ондайда папам саусағымен үстелді тақылдатар еді. Ол тумысынан москвалық, сонда туған. Мамам – сібірлік. Ол папаммен Иркутскіде, алғашқы станция құрылысында танысып, олар екіншісіне барғанда мен жарық дүниеге келіппін. Бірақ мәселе онда емес қой. Мәселе тумысынан москвалық папамның астанаға аттап басқысы келмей, ал мамамның үнемі сонда кеткісі келетінінде.
— Сені неше дүркін министрлікке шақырды, – дейді мамам. – Сонан кейін, адамға өмір бойы тек құрылыс-құрылыс деп байланып қалуға, бір жерден екіншісіне көшіп-қонып жүре беруге болмайды ғой! Өзіңнің де бастық болатын, біреулерге ақыл айтатын, кеңес беретін, кітап жазатын, тіпті диссертация қорғайтын кезің жетпеді ме?!
Бірақ папамның бастық болуға, немесе диссертация қорғауға құлқы жоқ. Тек құрылыс сала бергісі, көшіп жүре бергісі келетін сияқты.
Ол менің шашым сияқты ақ сары шашын сыйпап қойып, күмілжиді де, жұмған аузын ашпайды.
— Неге сен оқтау жұтқандай мелшиіп отырсың? – деп мамам күйіп-піседі ондайда. – Мүмкін, тағы да бетонның беріктігі жайлы ойлап отырған боларсың?
— Жоқ, – дейді әкем ондайда мамамды өзіне тартып, бетінен сүйіп. – Мен бетонның беріктігін емес, екеуміздің махаббатымыздың беріктігі жайлы ойлап отырмын. Сенің өзің айтып отырған жай емес, көбіне мүлде басқа мәселені ойлайтыныңды жақсы білемін. Сен шулы көп қалада емес, шалғайдағы Сібірде тұратынымыз жайлы ойлайсың! Сен құрылыссыз күні қараң болар мен сияқты пақырыңның тек осындай жерлерде ғана өзін шын мәніндегі адам ретінде сезіне алатыны жайлы ойлайсың. Сен шылым шекпейтін және оның түтініне төзе алмайтын менің Москвадағы кеңселерде ысталып, сүрленетінім жайлы ойлайсың. Және сен астанадағы ат шаптырым пәтерді тазалап ұстаудың әуре екендігі, одан гөрі мұндағы екі бөлмелі мекен-жайымыздың жұмақ екендігі, ол аз болса, Москва сахналарында болатын спектакльдерді осы жерден теледидар арқылы-ақ көруге болатындығы жайлы ойлайсың!
Папамның бұл сөздері мамама қатты әсер етеді. Енді мамамның өзін мысықтың бейкүнә баласына ұқсатуға болар еді.
Ол папамның иығына басын сүйейді де, жылы жымияды.
– Жарайды, – дейді ол, – Сібірде туып-өскен мен онда үйрене де алмаспын, сенің, тумысыңнан мосвалықтың қашанға дейін шыдарыңды көреміз...
Ондайда тумысынан москвалық күмілжір еді. Міне, осыдан кейін ғана оның бетонның беріктігі туралы толғана бастайтыны маған айдан анық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу