Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  85


Автор: Рза Оңғарбай

КҮҢГІР ЕТТІ ҚАРАТАУ

Оранбасын деуші едім орда мұңға,
Қалғып тұрған қаратау қорғаның ба?
Сусыз өлкем желегің адыраспан,
Бұйраланған боз жусан орманың ба?
Күйкі тірлік күндер-ай, мағынаң жоқ,
Сезімдерім сергімей сабылам көп.
Көкбөрінің орнында көпек ит жүр,
Қарғы таққан кейбіреу қабылан деп.
Атар болды бұл күнде мазаны ап таң,
Қол көтердік күдері қазан аттан.
Жұрнағы жоқ мейірім, шапағаттың,
Мен қорқамын жетесіз азаматтан.
Қырқаларым қыбырсыз биік, тарлан,
Құмбыл далам қуарып күйіп таңнан.
Қаратауға қарасам көз алдыма,
Қарт келеді қабағын түйіп қалған.
Қарайтыңдай ол маған жақпайсың деп,
Мүсәпірім, мәңгүртті мақтайсың деп.
Күңгірт өтті ол кенеттен «Ей бейшара,
Үмітімді сен қашан ақтайсың» деп?
Атар, сірә бабалар серті бізді,
Есесі үшін ез, күйрек еркіміздің.
Келер ұрпақ, сен адал тусаң игі...
Дауасы жоқ біздердің дертіміздің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу