Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  99


Автор: Сандуғаш ШОРТАНОВА

ЖАНСЫЗ БЕЙНЕ

Жауабы жоқ мың-сан жатқан сұрақтың,
Жүрегіме неге менің мұң – патша.
Жансыз бейне
Жалынды ұлы жырақтың,
Тым болмаса бірдеңе деп тіл қатса...
Жансыз бейне сөйлеп кетсе кенеттен,
Жүргенімде құлдырауға шақ қалып.
Сол бейнеге сезімімді сел еткен,
Жыр жазар ем жүрегімді ақтарып.
Жансыз бейне –
Жалынды ұлы қазақтың,
Бұл фәниде өмір бар ма жайшылық?
Жер бетінде сәттіліктер аз-ақ тым.
Айналамыз толып жатқан қайшылық
Жансыз бейне –
Жырақтағы досым-ай
Жұмбағым мен жан сырымды ұғар кім.
Жалғыз жүре берсем егер осылай
Түбінде мен жынданатын шығармын
Жансыз бейне сөйлеп кетсе кенеттен,
Қалар еді бейбақ басқа бақ дарып.
...Бәрін тастап кетер едім мен ертең,
Ойланбай ақ о дүниеге аттанып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу