08.08.2022
  173


Автор: Өмірзақ Озғанбай

Қалнияз жырау Шопықұлын білеміз бе?

 


Дана халқымыз айтқандай, «Өнер алды – қызыл тіл». Ел-жұрт 360 әулиелі Маңғыстауды «өнерлі өлке» деп таныған. Өнердің де өлең өлкесінде көсіле шапқан дүл-дүлдердің бірі Қалнияз жырау екенін екінің бірі біле бермейтін сияқты. Туған халқының алдында қандай еңбегімен даңқы шыққан? Қай кезде өмір сүрген тұлға? – сияқты сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Бұның себебін екі ауыз сөзбен бітіру мүмкін емес.
Енді алғашқы сөзді тарих, филология, философия т.б. ғалымдар салалары ғалымдарына ақын, жазушыларға, журналистерге берейік. Себебі, олардың сөз-пайымдары дәйекті және ұнанымдылығымен баурап алады. Қабиболла Сыдиықовты (марқұм) Қазақстанда, соның ішінде Маңғыстауда білмейтін қаламгер жоқ десек, ағаттық болмас. Жазушы, ақын, зерттеуші Қабиболланың шығармалары үш том кітап дүниесі ретінде 2007 жылы Алматының «Нұрлы Әлем» баспасынан жарық көрді. Үш томдықта ғалым аға, Қалнияз жырауға лайықты орын берген. Қабиболлаша айтқанда, ХІХ ғасырда жорық жыршысы атанған жауынгер ақындардың бірі – Қалнияз. Қалнияздың әкесі Шопық Доспамбетұлы жас кезінде Еділ, Жайық өзендері арасындағы Нарын құмын мекендейді. Кейін Маңғыстауға беттеп, Қарақұм, Үстірт жерлерінде Мұңат, Тілеп деген байлардың жалшысы болады. Міне, Қалнияз осы өңірде, Бейнеу ауданы Сам мекені аумағында (1816 ж.) дүниеге келген. Қалнияз өз дәуіріндегі Хиуа хандары басқыншыларына қарсы күрескен Балуанияз бен Қармыс, Төлеп пен Амантұрлы, Қожалақ пен Қарақұл, Сүгір мен Тұрманбет, Балта мен Дәуіт батырлар бастаған жорықтардың көбіне қатысқан, жауынгерлерді өлең толғауларымен ерлікке үндеген. Басқаша айтқанда Қалнияз бес қаруы бойында ел қорғауға қатысқан жауынгер ақын болған. «Қазақ әдебиеті» газеті:
«Ол қоржынының бір басы сұқпалы домбырасын, бір басына садақ жебесін толтырып ала жүреді екен», деп көрсетуі (9 маусым, 1982 ж.) тегін емес.
1868 жылы Ресей патшасы Үкіметінің «Уақытша ережесіне» Маңғыстау қазақтары наразылық көрсеткені тарихтан мәлім. Бұл оқиғаны тарихшылар «шаруалар көтерілісі» деп атаған. Тәжіұлы Досан, Тіленбайұлы Иса бастаған бұл көтерілісті патша үкіметі 2-3 жылда аяусыз басты. Жергілікті қазақтар көрші елдерге ығысуға

мәжбүр болды. Қалнияз да 1870 жылдары біраз ауылдармен бірге Хорезм өңіріне ауған. Бұл өңірде де жағдайлары оңалмай 1870-1885 жылдары бұл көш Ауғаныстанның Гөрібағлан деген жеріне өтеді. Бірақ, жергілікті ауған әкімдерінің талауларына көне алмай, маңғыстаулықтар ел азаматтарының күшімен ұрыса көшіп, қайтадан тәжік жеріне, Бұқар жеріне қарасты аймаққа оралған. Вахш, Қорғантөбе, Пәнді сияқты қоныстарды мекендейді. Содан Қалнияз жырау 1902 жылы, 86 жасында тәжік жерінде дүние салған.
Қалнияздың Құлшар, Қожа, Бимағанбет, Қортан (Тұрмағанбет) атты балалары болған. Солардың ішінде Қортан мен Қожа әке жолын қуып, ақын, жыршылық өнерімен тәжік жеріндегі қазақтарға танымал бопты.
Қалниязды жорық ақыны дедік. Кейінгі зерттеулерге қарағанда ол сонымен бірге айтулы әнші, әрі күйші болған. Қалнияздың үніндей үн, даусындай дауыс болмағанын Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тұрғыны Төленбай Қарасаев кезінде дерек келтірген екен. Тәжікстан, Қарақалпақстан жерлерін мекендейтін Қалнияздың ұрпақтары арасында ата дәстүрін жалғастырушы жыршы, домбырашылар аз емес.
-Былайша алғанда Қалнияз жырау кәдімгі сегіз қырлы бір сырлы сабаздың нақ өзі болған сияқты.
Жыраудың шығармалары, туындылары ақын, жыршылар айтуымен Қазақстан Республикасының Батыс өңіріне ХІХ ғасырдың екінші жартысында кең тараған. Ол кезеңде қазіргідей бұқаралық ақпарат құралдарын өңің тұрмақ түсіңде де көру жоқ. Дегенмен, ел-жұртымыз қамсыз қалмаған. Қалнияздың жырлары тұңғыш рет баспаханадан басылып шықты. Бұл ақ-жолтай оқиға 1908 жылы Қазан қаласында дүниеге келді. Жыраудың бүгінгі таңда аталып жүрген «Балуанияз» дастаны жарыққа шықты. Бұл дастан Мұрат ақынның «Ғұмар Қазыоғлына айтқаны» жинағында берілген болатын. Анығы сол – жорық ақынының «Балуанияз» дастаны баспа бетіне тұңғыш рет бұдан 105 жыл бұрын жарық көрді. Өкініштісі сол, дастанның авторы көрсетілмеген болатын.
Ал 1926 жылы Ташкентте «Аламан» антологиясы басылып шықты. Осы «Аламан» топтамасына Қалнияз ақынның «Ер Қармыс» жыры, «Жаскілең ақынмен айтысы» енгізілген еді. Сөйтіп, бұл дүниелері баспа өнімі арқылы бірінші рет оқырман жүздесті.

Бірақ, «Балуанияз» дастаны 1908 жылы Қазан қаласынан жарық көрген «Мұрат ақынның Ғұмар Қазыоғлына айтқаны» жинағында, «Балуанияз Нұрымның Әтембекке айтқаны» толғауына жалғас берілген. Кімнің шығармасы екені көрсетілмеген. 1926 жылы Ташкентте жарияланған (Х.Досмұхамедов құрастырған)
«Аламан» антологиясында да авторсыз беріледі».
Марқұм Қабиболла Сыдиықов қашанда әділдікке жақ емес пе, осы тұста туралыққа басып, алғаш баспа бетін көрген «Балуанияз» дастаны авторынан ажырап қалғанын, басқа авторларға телінгенін зерттеген, анықтаған.
Осылайша, ғалым Қабиболла кеңестік дәуірде «Балуанияз» дастанының авторын анықтауда дәлсіздік, қателік кеткенін ашық жариялайды. Бұл да ел Тәуелсіздігінің нұрлы шапағаты екенінде дау жоқ.
Бүгін де Маңғыстаудың жорық ақыны Қалнияз Шопықұлын туған халқына, жалпы адамзатқа таныту-заман талабы болып тұр. Осы талаптан жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары қалыс қалған емес, ілгергі сапта болуымен даралануда. Айталық, «Үш Қиян» басылымы (01.04.2004) газеті «Балуанияз батырдың жорығына арнау сөздер» деген тақырыппен тұтас бір беттік материал арнап, Қалнияз Шопықұлының әйгілі дастанын толықтырып, қайта басып шығаруын оқырмандар құптаумен қарсы алды. Себебі, халқымыз бұл шығарманың авторы Қ.Шопықұлы екеніне анық көз жеткізді. Екіншіден, «Үш Қияндағы» нұсқасында қалып қойған жолдары толықтырылған, ауысып кеткен жолдары орын-орындарына қойылған еді. Үшіншіден, жекелеген сөз тіркестері, әсіресе, адам, жер-су аттары жөнделіп, түзетіліп берілді және соңына оларға қысқаша түсінік жалғанды. Осының нәтижесінде «Балуанияз батырдың жорығына арнау сөз» дастаны бүгін таңдағы барлық басылымдар үшін негізге айналды. Дастанның көркемдік деңгейі ұтып шықты. Көршілес Хиуа хандығы, қазақ және түрікпен, қарақалпақ елдері араларында болған тарихи оқиғаның осы шығармада заттық дәлелдер арқылы суреттелгенін барша жұрт мойындады. Демек, Қалнияз жырау Шопықұлы көркемсөздің шынайы суреткері.


* * *

Иә, еліміз тәуелсіздіктің көк байрағын желбіреткен 21 жылдың бедерінде ұлы бабаларымыздың рухани мұраларын қалпына келтіріп, оларды жас ұрпақ бойында ұлттық рухымызды тәрбиелеуде ұшан-теңіз қоғамдық мемлекеттік шаруа атқарылды. Тек Қалнияз жырау Шопықұлының өмірі, мәдени мұралары жөнінде ондаған ғылыми зерттеулер баспалардан шыға бастады.
Осындай мәнді туындылар санынан «Көне күннің жыр күмбезі» (А., 2007, «Жазушы» баспасы) атты кітабы лайықты орын алған. Туындының авторы, филология ғылымының докторы Бибиғайша Нұрдәулетова. Жоғарыда аталған кітапта Бибиғайша зерделі ғалым Қ.Сыдиықов сияқты, Қалнияз жыраудың өмір тарихын, шығармашылық өріс қуатын жан-жақты ашып көрсетуге күш салған. Ғанибет тұтарымыз сол профессор Б.Нұрдәулетова бұндай жауапты, игілікті шаруаға бұған дейінгі сартап болған жолға салынушылықтан аулақ тұрған. Өзіндік көзқарасымен жорық ақыны Қалниязға шынайы тарихи, әдеби және халықтық баға берудің нышанын паш еткен.
Сөйтіп, Қ.Шопықұлының жорықшыл ақын ретіндегі ұлы тұлғасын сомдауда өзіндік қырымен көрінгені даусыз.
«Өзге де атақты ақын-жыраулардан Қалнияздың өзгешелігі, көбінесе, жауынгер жорықшыл ақын ретінде әйгіленеді. Сондықтан да оның шығармаларының дені ерлікті, батырлықты мадақтау түріндегі өршіл рухта Махамбет Өтемісұлы жырларындай уытты, жігерлі болып келеді» деген жолдар жаңағы айтылған түйінді қостап тұрғандай.
Бүгінгі оқырмандарымызға Қ.Шопықұлының: «Қармыс батыр», «Балуанияз» жыр-дастандары, «Қожалақ батырға айтқаны», «Есен, Сүгірге айтқаны», «Дәуіт батырға айтқаны»,
«Асар сұпыға айтқаны», «Амантұрлының өлімін естіртуі» сияқты туындыларының бәрінде батырлардың ерлік істері дәріптеленетіні, өмір мен өлім айқасы толғанатыны жақсы таныс және түсінікті.
Мәселен, Қожалаққа, Есен, Сүгірге, Дәуітке айтқаны делінген сөздерінің бәрінде де батырларға күш-қуат, жігер берерлік ұранды сөздер көрініс тапқан. Халықта: «Малшымен жолдас болсаң жайлауын айтады, ұстамен жолдас болсаң ұстара мен қайрағын айтады, батырмен жолдас болсаң жауға салған ойнағын айтады» делінген аталы сөз бар. Сол айтқан, Қалнияздың өзі де ер көңілді адам болғандықтан, көбінесе ерлік жолын мадақтаса керек.

Профессор Б.И.Нұрдәулетова Қалнияз жыраудан жеткен әр жол өлеңін шұқшия зерттеген. Жалғыз мысал:


Адайда айтқыш кім өтті Өгізбай мен Абылдан? Тілі тәтті, сөзі бал Жаманадай Нұрымнан, Аралбай, Ақтан термесі, Күлдіргі сөзді Қалымнан – Алқаға түсіп танылған...,-
деген Қалнияз жыраудың өлеңдері Маңғыстауға ғана емес, Батыс Қазақстан өлкесі, одан асып көршілес Өзбек, Түрікмен, Қарақалпақ елдеріндегі қазақтарға оның көзі тірісінде-ақ таралған еді. Алайда, осындағы Қалым атты сөз өнері иесінің кім болғаны соңғы кезге дейін көпшілік білмеді. Міне, осы жайды ескерген ғалым жаңа деректерді алға тартады. Оның көрсетуінше, ауызекі деректерге қарағанда Қалым Тұманұлы шамамен 1825 жылдары Маңғыстауда туған, өлген жылы белгісіз. Қарақалпақстанда қоныстанған халыққа кеңінен танымал болған. Бірақ, шығармашылық мұралары жиналмай кейінгі ұрпақтан шет қалған. Әзірше, Қалымның «Көкбуйра» атпен айтысы аталып кеткен шығармасы бізге жеткен.
Қалай дегенмен, Қалымның да Абыл, Нұрым, Қашаған, Қалнияз, Өгізбай тағы басқа ақын-жыраулар ортасынан табылған талант иесі екені нық көрсетілген.
Облыстық «Маңғыстау» газетінде соңғы 20 жылдың ішінде Қалнияз жырау Шопықұлы тақырыбын үзбей жариялауды дәстүрге айналдырды.
Бірер мысал. Басылымның арнаулы беті: «Қош аман бол, қалған жер» («Маңғыстау», 5 желтоқсан, 2005 ж.) деп аталыпты. Бет Қ.Шопықұлының 2000 жылдың басына дейін халқына беймағлұмдау болып келген толғауларынан тұрады. Және осы топтама ақын, жазушы Өмірзақ Қалбаевтың жинап, ұсынған дүниесі еді. Әдеби мұрасының қайсы бір тарауында болмасын кісі аттарын көбірек атап, тілге салатын белгілі ақынымыз Шалбар Қалнияз. Оның бізге жеткен шығармаларында аталатын 80-ге жуық есімдердің бәрі дерлік жай кісілер емес. Кезінде өмірде болған, қайсы бірі халық үшін жан пида еткен танымал тарихи тұлғалар. Саралап ой жүгірткен кісіге олардың әр бірінен өткен өмір жайлы

тарих іздерін байқауға да болғандай. Дегенмен, солай да болса әліге дейін ақынның әдеби мұрасы жөнінде қалам тартып, оны келер ұрпаққа таныстыру жайлы ой түрткі бола алмай жүргеніміз өкінішті-ақ,- деп өткен ғасырдың 90 жылдары басында Өмірзақ Қалыбаев жазған еді. Оқырмандарымыздың біразы Қалнияз ақынды
«Ақ берен» (1972 ж.), «ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы» (1985 ж.), ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары» (1988 ж.) сияқты кітаптардан ғана аздап танысқаны болмаса, оның шығармасы жөнінде толық білмейді де. Өйткені ақынның әдеби мұрасы жайлы ол кезде әдебиетші ғалымдарымыз тарапынан бірде-бір арнаулы зерттеу еңбек жазылмады да. Өмірзақ Қалбаев жорық жыршысы Қ.Шопықұлының әдеби мұрасын ұзақ жыл Өзбекстан, Тәжікстан Республикаларынан тынымсыз іздеп жүріп жинаған. Еңбегі еш кетпеді. Ө.Қалбаев ақын жазушының осы топтамасын оның бір кітабының негізін салған еді. Жарықтық, Қалнияздай ақынға сөз бар ма? Осы топтамадан үзінді келтірейік:
Биік қылып сөйлейтін, Асқардың ала тауындай. Нөсерлетіп сөйлейтін, Селдете құйған жауындай. Тәтті қылып сөйлейтін, Жаңа піскен қауындай.
Таза қылып сөйлейтін, Бұлақтың мөлдір суындай. Жылы қылып сөйлейтін, Жіліктің аққан майындай. Қылтыңдатып сөйлейтін, Қысырдың емген тайындай. Жылтыңдатып сөйлейтін, Сары алтынның буындай.
«Құлақтан кіріп бойды алған» не деген теңеулер? Қазақтан басқа еш бір ұлтта дәл осындай образды теңеулерді кездестіру мүмкін емес болар. Өйткені, осы теңеулер арқылы тек қазақ халқының бейнесін сомдауға, қорғасын салт санасын құйып тастауға болар. Осы ақиқатты елден ерен ұққан Өмірзақ Қалбаевтай әдебиетші ағамыз рухы алдында қарыздармыз.
Иә, осындай ақпа-төкпе дарын талантына, аруағына ер көңілді қазағымыз табынған. Қалнияз жырау халықтың ықылас ниеті алдында бас иіп, елі үшін белінде бес қаруы, қызыл тілдің жауһар

жырларымен соңғы деміне дейін қызмет еткен. Қазақтың өзге халықтармен терезесі тең тәуелсіз өмір сүріп, дамуын армандаған. Қазақ халқы ғасырларға созылған уақыт белесін бастан кешіп, асыл арманы егемендікке жетті. Қалнияз жырау Шопықұлы және оның замандастары ел тәуелсіздігі дәуірін көре алмады. Бірақ ел Тәуелсіздігі таңын жақындату үшін қолдарынан келгеннің бәрін істеді, азаматтық борышына адал болып өтті. Ұлттық рухымыздың саф алтындай таза күйінде кейінгі ұрпақтарына табыстай білді. Осы бір ақиқатты ешқашан естен шығармау бүгінгі және келер ұрпақтың қасиетті борышы. Ендеше ұлы бабалар аруағы жар болсын!


* * *
Тақырыбымызға қайта оралсақ. Қазақтың даласы қандай кең болса, Қалнияз ақын Шопықұлы туралы айтылған, жазылған, айтылар және жазылар сөздің айдын, шалқары да сондай кең, ұшы- қиырына көз жетпейді. Ол дала, ол кеңістік түпсіз ойға, шексіз сөзге жетелейді. Бұның бәрі сәтімен, ретімен халқымыздың береке- бірлігі мол жаңа дәуірі үшін асқаралы белестерге бастай берері хақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу