07.08.2022
  304


Автор: Өмірзақ Озғанбай

Сүйіндік Қосайұлы


Жерден жік шыққан, аспаннан тік түскен ешкім жоқ. Айналайын піл сауырлы қара жер бетіндегі адамдардың бәрі де аталары мен бабаларының ұрпағы. Әр пенде ұлы табиғаттың бір бөлшегі, ұлы Адамата мен Хауананың бір бұтағы екенін сезініп өсуі абзал. Сөйтіп, өзінің шығу тегін ұмытпай, қадір тұтуы – өркениет көшінің талабы.
Ежелден империялық мемлекет құрған жапон жерінде мынандай бір әңгіме бар екен. «Біздің қоғамымызда, елімізде ең биік мансап иесі кім?» - деген сауалға әдетте «император» деп, «ал императордан биік кім бар?» - деген сұрауға, «ол әркімнің өз әкесі»,
- деп жауап береді екен. Шынында да, дүниені жаратушы ұлы күштен кейін, маған өмір сыйлаған әкемнен артық қандай жаратушы болуы мүмкін. Сондықтан да болар, мұсылмандықтың бір парызы – Меккеге барып қажы атану үшін, алыс әулиеге баратын жол – жақын әулиеден, әкеңнің басынан басталады дейді. Ол тірі болса қол беріп, оның ризашылығын алып, өлі болса
«басына» келіп түнеп, садақасын беріп барып, алыс жолға – қажылық сапарға содан кейін ғана шығады екен. Дүниенің алуан түрлі түстерін тек ақ пен қызыл деп бөлген, Адамата мен Хауана ұрпағын бай мен жарлы деп жіктеген, туыс-туғанды ұмытып, ұлтшыл не интернационалист дейтін, әкесін баласымен жауластырып, адамзаттың негізгі ұлы ізгілік қағидаларына қарсы келген тоталитарлық жүйе – шыққан тегіңді ұмыттырып, шығу тегін ұмытқан тексіздер тобырынан тұратын қауым құрды. Тегін ұмытқандар өз ұяласын жатсынып «Иван не помнящий родства» дейтін бейбақтарды көбейтті.
Өз тарихын ұмытқандар, сөз жоқ, тарихи санасы көмескіленіп, дүбаралар тобын молықтырады. Қазақ табиғатына тән емес әкесінің, ата-тегінің аттарына -ов, -ев, -ич жалғаулары қосарланып келеді. Қалыптасқан қағидалар тек Кеңес одағы құлағаннан бергі уақытта ғана қайта таразылана бастады. Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңде аттарын атауға тыйым салынған талай ғұламалардың еңбектері жариялана бастады.
Қазақ халқының өткен замандардағы озық ойлы қайраткерлері мен білікті азаматтары ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ата-бабалар шежіресін – өзінің ұлттық тарихын жасап қалдырған. Әрбір қазақ азаматы өзінен бастап жеті атасына дейін білуді парызым деп санаған. Мұны білдіру – ата-ана тәрбиесінің әліппесі іспеттес. Ата- анасынан жастай айырылған жетімдер ғана мұндай білімнен ада

болған. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген мәтел осыдан қалған. Елдің ақсақалдары мен билері кем дегенде өз руларының шежіресін толық біліп, 15-20 атаға дейінгі шаманы тарата білген. Көне тарих куәгері – қарт шежіре ғой. Оны парақтап, ой тереңіне сүңгитін болсаң, бабалар тарихына молыға түсесің. Қазақ тарихын сұңғыла зерттеген ғалымдардың бірі Халел Досмұхамбетұлы
«Рулар мен жекеленген тұлғалар туралы аңыздар халық әдебиетінің шежіре (родословная) деп аталатын үлкен бір бөліміне кіріспе қызметін атқара алады. Әрбір қазақ өз руын, атасын 7-10 буынға дейін таратып айтып бере алады. Ақсақалдардың ішіндегі ерекше зеректері көптеген рулардың, тіптен бір жүздің немесе үш жүздің, басқа да туыстас түрік жұрттарының шежіресін тарқата алады» деп жазды. Әрине, ауызша тарих-шежірелер мен аңыз-әпсаналарды ғылыми тарих орнына қоюға болмайды. Сондай-ақ, халықтың өзі жасаған тарихи мұраларға немқұрайды қарауға да болмайды. Өйткені, ол нағыз ғылыми тарих бола алмағанымен, кем болса тарихнаманың орны өгейситін қайнары. Егер де бұл қайнарды орынсыз есептен шығарып тастасақ, тарих деп аталар арнаның бір саласы кем болып, төрт аяғын тең баспас еді.
Бүкіл қазақтың – үш ананың ұрпағын не өз жүзінің аталарын таратып берер әйгілі «шежірешілер» де болған. Олардың қатарына ХХ ғасырдың басында ата-баба шежіресін қауырсын қаламмен қағаз бетіне түсіріп, жинақтап, зерттеп кітап етіп шығарған Нұржан Наушабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхаметжан Тынышпаев, Мәшһүр Жұсіп Көпеевтер және т.б. болды. Мұндай шежірешілер Маңғыстау өңірінде де болған. Олардың бір ерекшелігі – шежіренің көбі өлеңмен жазылған. Нұрым Шыршығұлұлы «Өткен мен айтып кеткенді, құтылайын міндеттен», Қашаған Күржіманұлы «Адай тегі», Түмен Балтабасұлы «Адай тегі», Қараш Ыбырайым ахун, Қырымқұл Ұзақбай, Жаңай Мұрат шежірелері естігенін жай хабарлап айту емес, өлең сөзбен жеткізу шеберлігінің ерекше биік қыры болған.
Қай халық болса да, ұзақ тарихи дамудың туындысы екені рас. Орыстың тамаша ақыны А.С.Пушкин «Ата-баба тарихын қастерлемеу жабайылық пен тағылық болмақ» деп еріккеннен жазбаған болар. Ендеше, зерттеліп жазылған тарихы болмаса да, халық жадынан оны сызып тастау мүмкін емес. Олай болса, тарихсыз халық жоқ, халықсыз тарих жоқ. Қай халықта да алғаш ауызша тарих-шежіре, аңыз түрінде басталып, жазба тарих кейін

шығып, кемелденіп отырған. Ежелден жазба тарихы бар Египет, Иран, Грек тарихтары да осындай жолмен қалыптасқан.
Адамзат жаңа мыңжылдыққа, жаңа дәуірге қадам басты. Ескірмес құндылықтарға ойлана қарап, тарихи санамызды ескі шаң- тозаңнан тазалап, зердемізде саралап өткізер уақыт жетті. Аты атаусыз қалған қасиетті ұлы бабалардың аты аталып, аруағына бағыштап құран оқытып, бастарына кесене тұрғызып, сөйтіп, тәуелсіздік дәуірінде өзінің төл арнасына оралғанына да он шақты жылдың жүзі болды. Бір Маңғыстау өңірінің өзінде ғана Бегей атаға, Қамысбай атаға, Досанға, Исаға, Байбоз атаға т.б. ас берілуі, кесенелердің тұрғызылуы соның айғағы. Қазақстан үкіметінің шешімімен пір Бекет атаның 250 жылдығын атап өту бүкіл ел көлемінде өріс алды. Бүгін ұлы бабамыз Сүйіндік атаның 400 жылдығы аталып отыр. Қазір тарихтың талай қатпар сырлары ашылып, ірі тұлғалар мен маңызды оқиғалар тарихтан ойып тұрып орын алуда.
Тұтас бір іргелі елге айналған ұлы дүбірлі топтың басында тұрған Адай атамның екі баласынан (Құдайке, Келінберді) сегіз немере көріп (Қосай, Тәзіке, Құнанорыс, Ақпан, Балықшы, Бұзау, Тобыш, Мұңал) сегіз арыс Адай атанған. Құдіреті күшті Құдай қасиетті бабаға бас пен малды, бақыт пен абыройды тең беріп, бақуатты ел болды. Баба ұрпағы бірде Алатауды қоныстанды, бірде Маңғыстауға тұрақтады. Тұран алқабында жайыла көшіп, жүген тимеген еркіндіктің үлгісін көрсетіп, ешкімге кіріптар болып көрмеген баба ұрпағы баз кешті. Алатау барса – Алатаудың сеңгіріндей ұлылықпен, Маңғыстау барса – Қарақияның тереңіндей сұңғыла тапқырлықпен қостас болды.
Адай, Қосай, Сүйіндік аталарымыз туралы жазба-деректердің тапшылығы олардың өмір сүрген уақыты, туған және қайтыс болған жылдары туралы жанама материалдар арқылы, ауызша деректерге, фольклорға жүгіне отырып, қорытынды жасауға тура келеді. Ел жады дейтін жазылмаған тарих бар. Ол атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып ауысып келеді.
Адай атаның қай жылдары өмір сүргені туралы тұжырым жасалған. Адайдың туғанына 600 жылдай уақыт өтіп, шамамен 1490 жылдары дүниеге келген деп болжанады.
Орта жүздің белгілі тұлғасы Әспембет «Адай» деп азан шақырып, нәрестенің атын қойған.

Аңыз әңгімелерде Адай атамыз 115 жыл өмір сүріп, кіші баласы Келінбердінің кенжесі Мұңалдың қолында бақилық болып, сол үйден шыққан дейді. Сондықтан да Мұңал Адайдың үлкен (кәрі) шаңырағы деп танылған. Жерленген жері Шаш (Ташкент ) қаласының маңы делінеді.
Қасиетті Қосай баба есіміне «ер» сөзінің қосылып, «Ер Қосай» аталуы тегіннен тегін емес, елі мен жерін жатжерлік жаудан қорғаумен қатар, әулие-пір болған Бекет-Ата еліміздің, ұранына айналғанға дейінгі кезеңде бүкіл еліміз Қосай ата ұранымен өмір сүрген. Қасиетті Қосай атаның ел қадірлеген, ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып келе жатқан қасиетін, зайырын дәлелдейтін мына жайға назар аударайық.
-Құдайке деген ауылым, Тәзіке, Қосай болады.
Қосай деген ауылға, Айтсам аузым толады. Байбол, Тіней, Бәли мен Жаманадай – Сүйіндік Кем болған жоқ құралы. Ағалық алған мұраны Ерлік пен билік, мырзалық Бақыттың болған тұрағы,-
деп Қырымқұл Ұзақбай Қазжанұлы жырлаған.
Алты арыс Қосайды дүр еткен, түркімен қызы шешеміз Оғылмеңді дүниеге әкелген ұрпақ «түркіменадай» деп аталады. Қосай-Атаға бүгінгі оның ұрпақтары Нүкіс қаласының жанында
«Бестөбеде» басына кесене тұрғызып, төңірегінде абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, жыл сайын тамыз айында Қосай ата ұрпақтары жиналып, бас қосатын дәстүрі бар. Өмірзақ Қалыбаев ағамыз осы жұмыстардың ұйымдастырушыларының бірі болып, кейінгі ұрпаққа баға жетпес үлкен мәні бар істер атқарды.
Жүз кісіге бірі дерек Қосайдың алты баласы, Сүйіндік пен Бәлиді, Әйтей менен Бегейді, Байбол менен Тінейді, Жүйріктері Қосайдың, Шапқан сайын үдейді,-

Деп қасиетті бабаларды Ыбырайым ахун «Келінберді, Құдайке» толғауларында жырға қосады.
Сол үрдісті берік тұтынған менің туыстарым, жерлестерім үшінші мыңжылдыққа бастар ұлы жол басында Сүйіндік ата рухына арнап ас беріп, белгі қоюды қолдарына алды. Бұл жұмысты ұйымдастырушы болып, осы шаруаның басы-қасында жүрген, елдің азаматтарын топтастыра білген Әділ Жұмалиев бауырымызға ризашылығымыз ерекше. Осы ас қарсаңында оның қаламынан Сүйіндік ата туралы кітап өмірге келді. Әсіресе, осы кітапта берілген шежіре бүгінгі жер басып жүрген Сүйіндік ата ұрпақтарына туыстық реттерін анықтап, өздерінің қасиетті ұлы бабалары туралы мәлімет білуге мүмкіндік береді.
Сүйіндік Қосайұлы жасынан алғыр, шалымды болып өскен, 16 жасқа келгенде Байұлының ақсақалдары қастарына қосшы бала есебінде ертіп жүреді екен. Сондай сапарларының бірінде бір күнде 3-4 қонақасы жеп, кештете қонуға бір ауылға келіпті. Бұл үйде елдің сыйлы ақсақалдарына қонақасыға қозы сойып, пісіріп қадірлі қонақтарының алдына әкелгенде, басты сен ұста да, сен ұста деп жоғарыдан төмен қарай ысыра берген екен, кезек Сүйіндікке жеткенде, алдына келген басты өзі ұстап үлестіріпті. Ет желініп, сорпа ішіліп болған соң, қариялардың үлкені ас қайыруға ыңғайлана бергенде, үй иесі «Бата бас ұстаған адамнан болады- дағы» депті ақсақалдардың ісіне қарай. Сонда Сүйіндік кідірместен:
Мылтық аттым оқтамай, Оғым кетті тоқтамай.
Тіл тимесе игі еді, Құдайдың өзі сақтағай. Атам Қосай болғасын, Бала да болсам бас тартты, Сақалымды жоқтамай.
Жолсыз жерде бас ұстап, О дүниеге күнәлі болсам. Мына шалдар куә болып, Менің жағымды жақтағай. Аллаһуакбар, -
деп ас қайырған екен. Әбестік жасап, ұятын сезген ақсақалдар үй иесінен кешірім сұрапты деседі.

Жастайынан замандастарын осындай тапқырлығымен, ақылымен таңғалдырған баба өмірінде ұрпаққа үлгі болар жайлар көп болған.
Сүйіндік атамыздың ел ішіндегі лақап аты «Жаманадай» қалай шыққан? Құймақұлақ қариялардың айтуына қарағанда, ұлы бабамыз жиі көшіп, жұрт аударуды қаламаған сияқты. Кейінгі дәуірлерде дәріптелген отырықшылық идеясын елден бұрын түсініп, төңірегіндегі елінің ырзық-несібесін жерден еміп, егін салған, малын бағып, бір орында отырып-ақ ұрпақ өсіріп, іргелі елге айналған. Ол замандағы өмірдің өлшемі жаз жайлауға шығып, қыс қыстауға құлау арқылы бағаланатын қалыпты ұғымға сыймағандықтан, нағашылы-жиенді замандастары Сүйіндік атамызды жоғарыдағы лақап атпен атаса керек. Біздің түсінігімізше, бұл ұлы бабамыздың өзгерер өмір, құбылмалы тіршілік тынысын елден ерек, заманынан озып түсінгендігінен оған телінген атау. Ол қақ, қоңырдаң, бөгет, тақырға су жинап, шығырды пайдаланып жоғарыға су көтеру әдісін меңгеріп, оны жүлгелер арқылы белгілі қашықтыққа жеткізе білген. Сол заманда бабамыз армандаған отырықшылық қазақ халқының басына, негізінен, ХІХ, ХХ ғасырларда ғана келді.
Ал Сүйіндік бабаның немересі Бөгілі атамыз да Кіші жүздің таңдаулы билерінің қатарында болған. Атамыздың жасы ұлғая келгенде, үш ананың айтысы болатын болып, кім барады дегенде,
85 жасқа келген Бөгіліні көлікке жүре алмас деп кебежеге отырғызып алып қатынастырған екен. Сонда Кіші жүз де биге кенде емес, әйтсе де екшеп-елеп, таңдап-теріп, мықтысын қатынастырған болар.
Сүйіндік – Жаманадай Бөгілі, Қарпық Өткен жоқ осылардан ешкім артық.
Кіші жүз қазағымның билері де, Кеткен жоқ барлығы да бұдан асып,-
деп ақын, композитор Мұрат Өскінбаев айтқандай, Бөгіліден бері қарай Сүйіндік ұрпағынан Адайға әйгілі Қарпық, Жанан, Жанғабыл, Амандық билер болса, соңынан Құдас, Жаңабай, Сармерген, Нұрберген атты атышулы бабалар осы дәстүрді жалғастырды. Әрине, 500 жылға жуық тарих көшінде халқына қанат, жел жағына пана, ық жағына қорған болған қасиетті ұлы бабаларды толық түгендеп айту мүмкін емес. Біздің таным

көкжиегіміздің шектеулілігіне байланысты аты аталмаған бабалардың аруағына сиынып, кешірім сұраймыз.
Бүкіл қазақ елінің мақтанышына айналған дүлдүл ақын, күміс көмей Нұрым Шыршығұлұлы мен Тастемірлер, мемлекет қайраткері Шишан Оразбаев, ел басқарған Айладыр Дәулетниязов, Кеңестер елінің алғашқы парламент мүшесі – Жоғарғы Кеңестің депутаты болған Бисақан Кенжебеков, ірі шаруашылық басшылары, партия қайраткері болған әкелі-балалы Жұмағали және Мұқан Атабаевтар, Сәбит Былахаев, Шауен Қалниязов және т.б. еліміздің ардақ тұтар азаматтары бола білді.
Біздер сол ұлы топтың сарқытын ішкен, дәстүрін дамытқан ағалардың әлі де арамызда барлығына қуанамыз. Көптеген елдік дәстүрдің, бабалар жолының насихатшысы болып, арамызда жүрген ардақты ақсақал Қарауылбек Оңғарбаев ағамызға ілтипатымыз ерекше. Бабалар қонысы Сенек елді мекенінде құм борасынының астында қалған 13 тұлғаның атын атап, түсін түстеді.
27 тұлғаның мәңгілікке тұрақтаған мекенін анықтап, көбінің басына ескерткіш орнатты. Сенек жері елімізге құт қоныс болған. Өткен ғасырдың басында-ақ 50-60 тас үйлер салынып, Ізбасарұлы Нұрнияз білім ордасы – ақ отауды негіздеген. Сол мектептен еліміздің көптеген азаматтары білім алып шықты. Каракең олардың да тізімін жасау үстінде. Халыққа, ізгілік, сауаттылық нұрын сепкен бұл мектепте белгілі оқымыстылар Медетбай Қожахметұлы, Сүлейменұлы Амантай ишан, Жаңғабыл Маңдай тегі, Бахилар дәріс берген. Бұл мектептің көптеген оқушылары Кеңес дәуірінде ел, ұжым басқарды, сауаттылар қатарынан табылды. Жұбаев Әнес, Жұмыров Кеңес, Мырза Махмуд елдің беделді тұлғалары болды.
Жоғарыда әңгіме болған оқымыстылардың ағартушылық дәстүрін Кеңес дәуірінде Ниязов Мұздыбай, Бердібеков Жаңбырбай, Баданов Ази, Тұрымов Толқымбектер дамытты.
Орыс ғалымы Т.Н.Грановский «өткен тарихымызды білмей жатып, бүгінгі өмір шындығын ұғыну мүлдем мүмкін емес» деген еді. Қарауылбек аға 50 жылдай уақыт бойы Сүйіндік ата ұрпақтарының шежіресімен шұғылданды. Жаяу, атпен, машинамен жүріп жинады, бірде-бір атаның ұмыт болып, назардан тыс қалмауын қадағалады. Аузы дуалы, құйма құлақ Келжанов Жылқыбай, Көбешов Жанжігіт, Бөкенбаев Ілжан, Өмірзақ Қалыбаев сияқты аға-інілерінің әңгімелерін апталап тыңдап, қағаз бетіне түсірді. Кеңес дәуірінде ескішіл, рушыл т.б. әжуалаған

замандастарына ұлы бабалардан ұласып келе жатқан бұл мұраның ескірмей, ұрпақ қажетіне жарайтынын түсіндірумен болды.
Сүйіндік ата ұрпақтарының ішінде талай дарынды, білімдар, бұла күш иесі – палуандар да болған. Батқанбай Мәңкітұлы заманында түйе көтеріп, түйе палуан атанған, Басшиев Мақаш Атырау облысының күрестен бірнеше дүркін чемпионы атанды.
Жыршы, термеші, күйші, бір өзі – бір театр, өнерпаз Әмірбай, Сәтей ағаларымызды да халық ерекше ілтипатпен еске алады.
Ұлы баба ұрпақтары талай қиындықты бастан өткізді, үдере көшіп, ата-баба қонысынан безінген кезі де болды. Тек Кеңес дәуірінде ғана атақонысы Сенек төңірегінен мыңнан астам үй зобалаң зарпынан шетел ауып кеткен.
2007 жылы Ер Қосай бабамыздың дүниеге келгеніне 500 жыл толады. Сүйіндік атамыз әкесі Қосай 82 жасқа келгенде туған екен дейтін әңгіме бар. Кейбір мәліметтер бойынша Сүйіндік атамыздың туғанына биыл 413 жыл толып отыр. Ол-ұрпақтары өсіп, жапырақтары жайылған баба. Бұл күндері Сүйіндік атаның түркімен, түрік, қарақалпақ елдері мен Атырау, Ақтөбе, Астрахан, Жамбыл облыстарында және Алматы, Астана қалаларын қоныстанған ұрпақтарын есептемегенде тек Маңғыстау облысының аумағында 700-ге (650) жуық отауы бар.
Халқымыздың тарихынан мәлім – әрбір рудың өзіне тән таңбасы мен ұраны болған. Таңбаны бабаларымыз рудың малына басқан, сол рудың қайтыс болған адамдарының бейіті басына құлпытасқа ойып салған, бірнеше рулар тоқтам жасасып, бітімге келген кезде тасқа қашап, белгі қалдырған. Ұран сол рудың адамдарын аттанысқа үндеу үшін соғыс кезінде шақырылған. Ат бәйгесі, палуан күресі кездерінде ұран шақырылады. Қиын-қыстау өмір соқпақтарында да, ата-бабаларға сиынып, жалбарынып жатамыз.
Әдетте қазақ рулары өз ішінен қыз алыспайды, қыз алысу үшін жеті атаға толған болуы не қоныстары жеті өзен не жеті қыр шалғайлығы болуы қажет деп есептеген. Туыстас рулар бір-бірінен бөлектеніп, басқа ру атауларына ие болу үшін арада он үш атаға жетуі шарт. Осылардың бәрі «шежіре», жай ата-баба тарихнамасы ғана емес, отбасын ұйымдастыру өлшемі де болғандығын көрсетеді.
Сүйіндік атаның ұрпақтары бүгін ас беріп, ат шаптырғандағы мақсаты жіктеліп, бөлектену емес, әрісі Алаш, берісі Адай

ұрпақтары қазақ аталатын мықты еменнің бір бұтағы екенімізді еске салу, ата-баба аруағына сыйынып, жұдырық болып жұмылу. Өсіп келе жатқан жас буын ішкенге мәз, жегенге тоқ болып шектелмей, даңқты бабалардың ұлы ісін жалғастырушылар болсын деген ой жатыр. «Ел болса ер туғызбай тұра алмайды», сондықтан да ұрпақ та, оның талантты өкілдері де үзілмек емес.
Міне, аталар армандаған тәуелсіздік келді. Тәуелсіздіктің, нарықтың асуы қиын биіктерінен бірге өту үшін жаныңдағы жаны жайсаң ағаның өмір көрген тәжірибесі мен ақылы қажет-ақ. Өсіп келе жатқан жас буынның бұла күші арнасын тауып, ел, өлке қажетіне жұмсалуы керек. Ауылын қамдаған ағаның соңынан ерген інінің бірлігі қай кезде де елдіктің өлшемі болған. Ең басты мұрат: жастрады бар қазынаның қадірін білетіндей етіп мәңгі өшпес құдылықтар рухында тәрбиелеу, ел алдындағы борышқа баулып қалыптастыру. Сондықтан да, бүгінгі ас – елдікке шақырар бас қосу ел азаматтары үшін қажет.
Түрлі дерек көздерден шыққан ел аузындағы әңгіме, жыр, дастан, әпсаналарды салыстыра саралай отырып, осы жайларды бүгінгі ұрпаққа ұсынуды ағалық парызымыз деп санадық.
Қасиетті ұлы бабалардың білегінің күшімен, тілінің ұшымен жеті жұрттан алып қалған қасиетті Маңғыстау өңірі бүгінгі ұрпақтың ырыс-несібесі болып, бүкіл дүниеге бытырап кеткен баба ұрпақтарын атақонысына жинар, ұйытар мәйегіне айналғаны біздер үшін мақтаныш және солай бола беретініне сенгіміз келеді.
Қасиетті баба ұрпақтары!
Ауыздарыңа бірлік, бастарыңа саулық, іргелеріңе бүтіндік тілеймін!
Ұлы баба аруағы қолдай берсін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу