Өлеңдер ✍️

  02.08.2022
  76


Автор: Қазданбай Қосжанов

ТЫНЫШТЫҚ ЖЫРЫ

Бала боп біздер мінбедік таяқ ат қылып,
Ататын таңнан тіледік жалғыз жақсылық.
Жеңісті күттік атам да, мен де, анам да,
Жүрекке – қайғы, иыққа кетпен батты нық.
Почтаны күттік жақсылық хабар келер деп,
Почтадан қаштық бір сұмдық хабар берер деп.
Ұйықтадық түнде қиялға тәтті шомылып,
Әкеміз түске ең болмаса бір енер деп.
Талықсып барып кірпіктер азар ілінді,
Естідік бұлдыр «құлыным» деген жылы үнді.
Әкенің құны түсіңде ғана жақындап,
Ояна келе жер сипағанда білінді.
Аттанды елденөорімдей өңшең солдаттар,
Оралды елге шөлмекті көздер, балдақтар.
Көпшілік үйде ескерткіш боп қалды тек,
Майданнан келген үшбұрышталған сан хаттар.
Сол күндер бүгін келмеске кетті дедік біз,
Осы өмір үшін бәрін де жастай көріппіз.
Соғыстың атын тыңдаймыз дәйім тіксініп,
Өйткені әр кез еңбекке ғана жерікпіз.
Сол еңбекпен жыртығын жамап көңілдің,
Қорғаны болып отырмыз бейбіт өмірдің.
Бүгінгі ұрпақ көрсінші нұрлатқанын тек,
Өмірді – әке, ер еңбөк – жерді, көгін – күн.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу