Өлеңдер ✍️

  02.08.2022
  76


Автор: Қазданбай Қосжанов

АНАМА

Алғаш сен мінгізгенде құлыншаққа,
Отырды-ау, құлап кетпей ұлың шаққа.
Сонда мен мейірімді үніңді естіп,
Тұрған ем енгендей боп гүлді баққа.
Астымда жыңғыл таяқ-арғымағым,
Қашан мен ойдан-қырға қарғымадым.
Қалайша ұмытармын балалықтың,
Сусындап мейірім қанған бал бұлағын.
Білмеймін, баяу әлде жылдам өтті,
Әйтеуір арада көп жылдар өтті.
Өмір бұл бауырмал ғой, баурап алды,
Сол өзің еркелеткен бал бөбекті.
Тек жалғап арманыма арманымды,
Сезіндім өмірден не қармарымды.
Әлде де болжай берші, жан анашым,
Өткенді, бүгінгімді, алдағымды.
Сүймейді ақ ниетгті ананы кім,
Өмірге өзі берсе жан азығын.
Иіскедің құшарлапып, сағындың ба,
Есіңе түсіп менің бала күнім?!
Неліктен толқып кетті асыл жаның,
Кем бе әлде мойныңа бір асылғаным.
Сағыныш куәсі деп ұғайын ба,
Тамшы жас көлегештеп жасырғаның?!
Болсын деп жадыраңқы қас-қабағың,
Тынбайды, талпынуда жас талабым.
Өзгеге қазір ұстаз болсам-дағы,
Алдыңда мен баяғы жас баламын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу