Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  65


Автор: Уәйіс Қайралапов

ТОЛҒАНЫС

Ескеріп ескісін де, жаңасын да,
Болып көрсең Маңғыстау даласында
Байқай алмай қаласың жан-күйіңнің
Өзгергенін қас пен көз арасында.
Халқы төрден ұсынып қақ төбені,
Қызығын жаяды да қақ бөледі.
Қай жеріне барсаң да Маңғыстаудың
Жарқылдап қарсы алады Ақбөбегі.
Отырған қырандарша тояттанбай,
Кете алмайсыз арман мен ой ақтармай
Құлайсыз құмарлықтың құшағына
Ұйқыдағы аруды оятқандай.
Даланың шексіз, шетсіз атырабы,
Тұңғиық ойға сені батырады
Шевченко қыл қаламы өрнектеген
«Ақмыш-таулар» айқайлап шақырады.
Тарихы тұңған өлең, жыры гауһар
Бұл өлкеде бүлкіл жоқ, - зымырау бар
Маңғыстау маңғаздығын өлшесін деп
Көлгітіп көк теңізді қосып берген.
Табиғат өрмелетіп өр төсіне
Ойланғандай тоқырап ертесіне
Жер астының байлығы жетеді деп,
Орман-тоғай бермеген өлкесіне.
Бұл өлке кеңдігіндей дала бар ма,
Өлшеп көр аспабыңды ала бар да.
Маңғыстау биіктігін түсінесіз
Манатаның басынан қарағанда.
Қуанады ел түкіріп қолдарына
Өлкесінің «Жер-ұйық» болғанына.
Маңғыстаудың кеңдігін түсінеді
Үстірттің жортқан жандар жондарында.
Бұл жерді мақтамаса, қарғамапты,
Дархан дала бөлек күй таңдамапты.
Бейне бір тастан соққан қамал дерсіз
Жағалай теңіз баққан жарқабақты.
Өтсе де бастан түнек-қараңғы күн
Еш озбыр арта алмаған арамдығын
Дархан халық пейілі шалқар қылған
Қатігез табиғаттың сараңдығын
Өлкенің өрендігін көре білген
Талай ақын сый тартқан өлеңімен
Маңғыстаудың байлығын анықтайды
Өлшеген кәрі Каспий көлемімен
Сусынға ащы терін сығып алып,
Шыдамдылық шыңына шығып алып,
Алтын аймақ алаңсыз жата берген
Бар асылын қойнына тығып алып.
Бүйірін түртсе бүйрегі бүлк етпеген,
Асылын жасырыпты бүркеп төмен.
Үстінен түйе жүріп жатса-дағы,
Шыдамы шытынамай тырп етпеген.
Тағдыры шартарапқа тарамданған
Құралсыз ел қазына ала алмаған
Мәз болып шымыраудан су шыққанға
Онан ары-тереңге бара алмаған.
Ғалымдар да көп келген барлауменен
Сұлу сырын жасырған алдауменен.
Ашынғаннан кейбірі ашуланып,
Шектелген тек құдайын қарғауменен.
Бүкіл өлке белдеуін орай біткен
Асыл қолға түсер ме оңайлықпен.
Бүгінгі ұрпақ бәрінен де мықты болды,
Сапарынан оралған мол байлықпен




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу