Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  128


Автор: Есенғали Бөкенбаев

ТЕРМЕ

Ақынның бәрі – ақкөңіл,
Жүрегі таза, жайдары.
Қырлы найза сияқты
Батырлардын айбары.
Буырқанып, бұрсанған
Дариядай қайнары.
Можымайтын мұқалып,
Асыл болат қайрағы.
Жамандар ұмыт қалады
Салындыдай сайдағы.
Келешегін ойламас,
Бұзылмастай қаймағы.
Шайтан емей немене –
Кірбің салып көңілге,
Жүрегіңді шайғаны?!
Азғын емей немене –
Уәдесінен тайғаны?!
Залым емей немене –
Пәлені тапқыш қайдағы?!
Саудагср емей немене –
Жата алмайтын үйінде,
Табу үшін пайданы?!
Пиғылы жаман адамның
Қылығы болар айғағы.
Түсіруге беделді,
Өсек айтып, ызыңдап,
Таратып уын, жайғаны.
Төзімі мықты адамдар
Тарыққанын білдірмес.
Сырын шашып сыпайы,
Қамыққанын білдірмес.
Шаршаса да шалдығып,
Талыққанын білдірмес.
Өркөкірек тарпаңдар
Айтқан ақыл сөзіңді
Құлағына ілдірмес.
Анда-санда болса да,
Әзілін айтып, күлдірмес.
Дерек тисе өзіне,
Маңғазданып, мардымсып,
Жел жағынан жүргізбес,
Зарықтырмай кіргізбес.
Алыстан келер хабарды
Естімесе құлағың,
Маңдайдағы көз білмес.
Гауһар менен алтынның
Қымбаттығын жез білмес.
Желбіреген жібектің
Асылдығын айырып,
Теріс арқау бөз білмес.
Білімі кем надандар
Парасатты сөз білмес.
Білімді мен білімсіз
Болса да құрдас, мезгілдес.
Ардагер асыл азамат,
Жалғыздығын сездірмес.
Құлқынының құлы боп,
Төңірегін бездірмес.
Жеңілдетіп жағдайды,
Қиындыққа төздірмес,
Қанша айтсам да қарманып,
Ер қадірін ез білмес.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу