Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  77


Автор: Айсырға Қилыбаева

КЕҢ ПІШІМДІ ҚАЗАҚ ЕДІ

(Маңғыстауға белгілі азамат Киев Мырзабаев ағайды еске алу)
Кім бар дейсің келешегін болжаған?!
Мәңгі-бақи баста тұрмас бұл заман.
Шектеулі ғой адамзаттың ғұмыры,
Көме салып, ұмытылса – сол жаман.
Жастайынан үлкен істер атқарып,
Ел ішінде аты жүрген мақталып;
Киев ағай көшіп кетті өмірден,
Жарқын жүзі есімізде сақталып.
Кең пішімді қазақ еді кәдімгі,
Жайсаңдығы, айтқан сөзі – бәрі үлгі.
Он жыл бопты жақсы ағамыз кеткелі,
Елге сыйлы, ағайынға қадірлі.
Халқына адал іс атқарған көрнекті
Төл перзентін жер-бесігі тербетті.
Маңғыстауға танымалы ағаның
Ізін жалғар ұл-қыздары ержетті.
Ғұмыр жасап өзі туған ғасырда
Сапар шеккен Пайғамбардың жасында.
Жатқан шығар әруағы бір аунап,
Ел еске алған, ұланғайыр асында.
Жаны гүлдей болмысына жарасқан,
Ұстаз ана – көкірегі нұрлы аспан;
Үзілхандай апамызбен жерлеспін,
Әрі жақын сіңлісімін сыйласқан.
Балдарыңыз жолдарыңды жалғасын,
Жүректегі оттар өшпей, лауласын!
Танымалы, қатарының алды боп,
Ұрпақтары көк құрақтай қауласын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу