Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  220


Автор: Айсырға Қилыбаева

АДАЛ ЖАР

Биікте жүрсең, көтеріледі көңілің,
Жақсыға ерсең, ашылар зерде-зейінің.
Байлықтың молы, бақыттың зоры сол ғана –
Сенімді болса өзіңе өмір серігің.
Керегіңнің бәрін де содан табасың,
Ақ жүрегіңді алдына жайып саласың.
Ақ-адал жүріп, арманға қолы жеткендер
Түсіре алмайды бірінің-бірі бағасын.
Пәктігімен қосылған қыздар жарына
Кір жолатқысы келмейді ождан-арына.
Киесіне жолығады екен опасыз –
Қиянат етсе басына қонған бағына.
Өмірге серік, көңілге көрік – жан жарың,
Сүт бетіндегі қалқыған аппақ қаймағың.
Әкесі менен анасы жүрсе жарасып,
Бетінен қағып, жасқамайды ешкім балдарын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу