Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  93


Автор: Айсырға Қилыбаева

ҚАЙЫРШЫ

Жүгенсіз жүйрік сол дәурен,
Басынан ұшқан балдәурен;
Балдағы тық-тық келеді,
Қария қалт-құлт, жандәрмен.
Еңсесі төмен, еңкейіп,
Кеміген қайрат – бор кемік.
Баласы үлкен қалада,
Кемпірі кеткен ерте өліп.
Алысқа кеткен баланы
Көре алмай, жаны жаралы.
Қалыпты – ұлы көшкенде
Қия алмай туған даланы.
Хабарсыз кеткен баласы,
Күнкөріс қуды-ау, шамасы?!
Кетпейді елден қара шал,
Табылар болса шарасы.
Өмірі – ғибрат жанға ұсақ,
Жатады құмда әнді сап.
Қара нан тапса қара шал,
Керіліп шығар хан құсап.
Жетпістен жасы асқасын,
Көзінен нұры қашқасын;
Аяқтан, белден әл кетсе,
Балдағын қалай тастасын?!
Жастығын берді балаға,
Өзінен шыққан шарана.
Оқыған ұлдан хабар жоқ,
Жыл көшті талай арада.
Қайрылмай кеткен көрдемше,
Көрмей-ақ қойсын – көргенше!
Қайыршы болған мың артық –
Жат жерде бұғып өлгенше!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу