Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  95


Автор: Айсырға Қилыбаева

ҚЫЗ БЕН ТЕҢІЗ

Қыз:
Аспантау көкке асылып,
Кеудесін бұлттан асырып;
Шыңынан құлап байқаусыз,
Етекте қалдым шашылып.
Қансырап қалды жүрегім,
Табаннан тайып тіреуім.
Өзіңнен басқа жалғанға
Болмай тұр менің керегім.
Меңіреу түнек айнала,
Қарап тұр үнсіз ай ғана.
Біреулер кеткен құша алмай
Тәнімді, теңіз, аймала!
Құшағыңды ашып, керілгін,
Келеді саған берілгім.
Жәндіктер жемтік іздеген
Тірліктен әбден жеріндім.
Жиырылып, қырық бүктеліп,
Ышқынып, ішің тартасың.
Сазарып маған қарайды
Қабағы салқын жартасың.
Егіліп тұрмын жағаңда,
Көргенің болса, баянда.
Өмірі толы өкініш,
Жан бар ма мендей ғаламда?
Автор:
Көк теңіз сонда шулады,
Толқыны тынбай тулады.
Күңірене ауыр күрсініп,
Тарих жайлы толғады.
Теңіз:
Жылама, қызым, жылама,
Биіктен төмен құлама.
Қанағатсыздық дертінен
Уланып жатыр бұл ара.
Көргенмін жақсы-жаманды,
Кері кеткен, қырсық заманды.
Аждаһа ашқан аранды,
Дүниені басып қараңғы.
Өзіңдей талай мұңлықтар
Жағама келіп жылаған.
Қуғыншы келіп жеткенде,
«Құтқар!» деп, маған құлаған.
Мекені басқа жан иесін
Сыйғызып қалай тұра алам?!
Тірлігім өзге, заңым бар,
Келмеңдер маған, сұранам!
Қайнаған менде өмір бар,
Қазынам – жиған төлім бар.
Уланып бойың,
Өлкеме
Кіретін қандай жөнің бар?!
Аңқаулау менің перзентім,
Соларға денең жем болар.
Сендердің ішің лас қой,
Жұқтырып алар кірді олар.
Әлсіздеу пенде қашанда,
Дауылға қарсы тұра алмас.
Діңгегі мықты емендер
Шапсаң да, оңай құламас.
Шыдағын, қалқам, жастаусың,
Ашуды ақыл басқарсын.
Алдыңнан түзу жол шықса,
Басынан қайта бастарсың.
Мықтылар өткен қаншама,
Атағы мәлім баршаға.
Соларға ұқсап түрегел,
Бүгіліп, босқа шаршама!
Сондықтан мені тыңдағын,
Шертейін ғасыр сырларын.
Дәуірлер салған қолтаңба
Сақтаған бар-ды жинағым.
Жеті жұрт кеткен өлкемнен
Бабаңның күйін шертем мен.
Тірлікте болмай тілегі,
Өзегі отқа өртенген.
Ішіме бүгіп сан ғасыр,
Шерте алмай жүрмін жанға сыр.
Жағамның жұлып құрағын,
Қаныпезерлер салды асыр.
Айбатын көрдім алыптың,
Қайратын көрдім халықтың.
Бетінде қалды сарғайып,
Баһадұр жандар тарихтың.
Данагөй мынау далаға
Кім келіп, кімдер кеткен жоқ?!
Айрылып небір боздақтан,
Көзімнің жасы кепкен жоқ.
Ел шабылып жоңғарға,
Сойқан болған жылдарда
Бұхараға Ұлы Жүз,
Ауды Орта Жүз Торғайға.
Жау қолынан мерт болып,
Талай боздақ қырылды.
Амалсыздан Кіші Жүз
Хиуаға шұбырды.
Ері жаудан мерт болып,
Жесір жатты бүгіліп.
Жетім қалған жас бала
Жылап тұрды егіліп.
Сән-салтанат... сарайлар...
Өтіп кеткен талайлар.
Маңғыстауды көбірек
Қоныстанған Адайлар.
Кіші Жүзді «тентек» деп,
Ұстайды екен шеткері.
Оған куә – ақтаңдақ
Тарихымның беттері.
Кіші Жүздің ішінде
Адай қорлық көп көрді.
«Тағы мінез халық» деп,
Бек, мырзалар жек көрді.
Орныға алмай жайланып,
Саураннан өткен айналып.
Маңғыстауға жетіпті
Есек мерген бастаған
Өңшең батыр сайланып.
Қоныс іздеп Адайға,
Үш қиянды шарлаған
Есек мерген бабаңыз.
Ол туралы тараған
Ел ішінде бар аңыз.
Атқан оғы дөп тиіп,
«Есек мерген» атанған.
Батыр жүрек, нағыз ер,
Әруақтан бата алған.
Ер Қосайдың ұрпағы,
Халық ұлы қаһарман.
Маңғыстауды аралап,
Күндіз-түні жорытқан.
Жеті басты айдаһар
Жолын торып, жолыққан.
Амал жасап әртүрлі,
Жеті басын қырыққан.
Құлазыған кең дала,
Қарауытқан бейіттер...
Көп жорықтан қалжырап,
Бір бейітке кіріпті ер.
Әруаққа бағыштап
Құран, аят оқиды.
Бойын жылытып от жағып,
Асын ішіп отырды.
Еппен басып, сызылып,
Бір қыз келіп кіреді.
Тегін емес екенін
Батыр сезіп, біледі.
Жең ішіне жасырған
Жез тырнағын көреді.
Ертегіде айтылған
Таутайлаққа кездесіп,
Оны жеңген белдесіп.
Жол торыған жын-пері
Опат болған бәрі де
Ер Есекпен жүздесіп.
Сарықасқа ат мініп,
Қалмақтармен алысты.
Маңғыстаудан бездіріп,
Тайлан ханмен шабысты.
Ізін басып Ер Шотан,
Үзеңгісін қағысты.
Талай батыр Адайдың
Қамын ойлап, табысты.
Отман таудың басында
Ұран отын жағысты.
Хиуаның ханынан
Зорлық-қорлық көп көріп,
Ханды алып тағынан,
Балуанияз батыр да
Кеткен өзі мерт болып.
Сам өңірін жайлаған
Шопықұлы Қалнияз
Ерлік жайлы жырлаған.
Тәжік асып кетсе де,
«Ер Қармыстай» дастаны
Туған жерде қалды аман.
Қалнияз ақын жырлаған
Жетпіс бесте Қармыс бар,
Түрікпенмен шайқасып,
Опат болған арыстар.
Жаудан жесір айырған,
«Ер Төлеп» боп танылған.
Айдап кеткен жәуміттен
Барымтаны қайырған.
Кегін алған олардың
Ер Төлептей жас батыр.
Елу екі жорықта
Жауды жеңіп, ерлеген,
Әруағы өрлеген,
Жау қолынан өлмеген,
Көп жасаған хас батыр.
Балуанияз, Ер Қонай,
Тұрманбет пен Бердалы,
Атағозы, Есболай,
Сүйінғара, Құлбарақ,
Асау, Барақ, Ер Шабай.
Тағы, тағы батыр көп,
Пана болған халқына,
Ел тұшынған даңқына.
Қайратының күшімен,
Найзасының ұшымен
Жер қалдырған артына.
Алдағы атар таң үшін,
Ана-бала қамы үшін
Жатқа тізе бүкпеген,
Ар-намысын тіктеген
Бабалардың қанысың.
Аспалық пен таспалық
Жақындатқан алысын.
Ашып көрсет бетіңді,
Жәдігерін ерліктің
Келімсектер танысын.
Бабаңның қайда байрағы,
Жасықты жаныр қайрағы?!
Тұлпарлар шідер ілдірген
Қазыққа есек байланды.
Азулы алғыр көк бөрі
Көпек итке айналды.
Дүлдүлдер басқан даланы
Құрт-құмырсқалар жайлады.
Би, шешен өткен арқалы,
Тыңдаушысын ұйытқан.
Батырлар өткен қаһарлы,
Жауына түзде жолыққан.
«Ұрпағы, - деп, - солардың»
Кім айтады сендерді –
Тазыдан қашқан қояндай
Көлеңкесінен қорыққан?!
Атаның дәбін ұмытқан,
Жыланның тілін ұзартып,
Ананың тілін қырыққан.
Абыл, Ақтан, Қашаған
Мәрмәрдан сөз қашаған.
Сүгір, Түмен, Айтуған
Жыр қаймағын жасаған.
Айрақтының түбінде,
Жырлап өткен Аралбай.
Ұрпақтары шетінеп,
Басы кетті құралмай.
Төгілген термен, қанменен
Осындай күнге жеттіңдер.
Тышқандай тығып, дәндеген
Қытымыр болып кеттіңдер.
Қазақша бояп, әрлеген
Табалдырықты тептіңдер.
Жеті алыптың бірі едім,
Күн нұрынан түледім.
Мекен еттім ежелден
Маңғыстаудың түбегін.
Солқылдатқан соққыдан
Қан қақсап тұр жүрегім.
Бауырымнан суырып,
Алады әркім керегін.
Бұрынғыдай жарқырап
Көрінбейді бедерім.
Жер басқанға ырыс ем,
Жүзгендерге тыныс ем.
Өн-бойымды дерт алды
Білесің бе оны сен?!
Қыз:
Қайран Каспий – мұңлығым,
Тереңіңде тұнығың.
Жермен бірге жасаған
Миллиондаған ғұмырың.
Мынау жебір ғасырда
Сүйретілді шылбырың.
Жатырсың ба құса боп,
Тойымсыз бен тобырдың
Толтырам деп ындынын?
Теңіз:
Жасаған ұзақ ғұмырда
Көрмедім бұндай бүлікті.
Алуан түрлі балығым
Жағаға қашып, үрікті.
Түбіме дүрбі салдыңдар,
Қарнымды іреп, жардыңдар.
Байлығың еді балығым,
Обалына қалдыңдар,
Көздерін ойып алдыңдар.
Тыныш жатқан өлкеге
Зобалаң, лаң салдыңдар.
Жан алушы сияқты,
Адам емес, малғұндар.
Дәрігер бар емдейтін
Сенің денең қанаса.
Менің денем жаралы,
Кімдер болар араша?
Автор:
Теңіздің тыңдап мұң-зарын,
Қыз қалды жауап қата алмай.
Күн қарап екі мұңлыққа,
Жиекте тұрды бата алмай…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу