Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  123


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

КИІЗ ҮЙ

Сағынып ауылымды, елге жетсем,
Бас сұғып есігіңе, келмей кетпен.
Қоңыр тауық сияқты коңыр үйде,
Апа, аға туып-өскен, мен де ержеткем.
Қараймын керегеге, шаңыраққа,
Жабығып тұрғандайсың қаңырап қап.
Боз інген ақ жаулықты әжемді іздеп,
Сезімді тербеп өтті-ау аңырап қап.
Сезім-ай, көңілімді неге ерітті?
Осы үйге анам келін боп еніпті.
Жыл кешіп, перзент сүйіп, бақыт құшып,
Елу жыл көсегесі көгеріпті.
Байланып белдеуіне қазанаттар,
Дәм татқан дастарқаннан азаматтар.
Қоңыр үй әкемді ойлап тұнжырайды,
Айрылып иесінен, қаза батқан.
Бесік ең бас сұқпаған құшып көптен,
Түндігің түнеріңкі түсіп кеткен.
Қоңыр үй, құлазисың бұл күндерде,
Ұядай барлық құсы ұшып кеткен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу