Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  163


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

АҒА

Сен ойлайсың көшімен тіршіліктің
Сүреміз деп жай ғана тіршілік күн.
Сен жасымас жігердің үлгісісің,
Саған қарап өзім де құлшыныппын.
Ауыр жылдар сынына жасымаған,
Сендей болар бір адам, асыл ағам.
Сом болаттай шыңдалған қайратыңа,
Тек мен емес, бүгін де ғашық адам.
... Қарақұмда сары аяз сақылдаған,
Соғыс, соғыс, сұм соғыс қақылдаған.
Қақпа шекпен, көн шоқай, тары сия,
Жоқтық пенен жүдеулік тақымдаған.
Ауыр иін күндерге қарап өктем,
Қалбыр тонды қалаға бала кеткен.
Осылайша құлшынып оқу деген,
Мың баланың сезімін ала кеткен.
– Қара бала қағылез қала барып,
Үйелмелі үй ішін ала барып –
Деген хабар құм бойын аралаған
– Отырыпты конторға қалам алып.
Біреу тапқан әйтеуір бақытынан,
Біреулердің жете алмай сағы сынған.
Өзің кеткен баяғы жаяу жолмен
Талап іздеп талайлар ағытылған.
Жүдеу жылдар жармасқан етегіннен,
Деп ойламай: – Қалайша өтемін мен?
Қалың қайғы қаншама қаусатса да,
Өттің бәрін арқалап, көтерумен.
Ауыр жылдар сынына жасымаған,
Сендей болар бір адам, асыл ағам.
Сом болаттай шыңдалған қайратына,
Тек мен емес, бүгін де ғашық адам.
Салиқамен сананы салмақтаған,
Азаматтық арымен ардақты ағам.
Қатар-құрбың, халқыңыз бағаңды ұғып,
Қадір тұтып, сыйлаған, ардақтаған.
Сергек ой мен сезімге шалқар адам,
Құмарыңыз ән-күйге тарқамаған.
Көппен ғана көңіліңіз көріктеніп,
Алшақ жүрсек аңсауды арқалаған.
Ай көрмесең алаңдап сағынасың,
Сезіміңе боламыз тағы ғашық.
Қайда екен деп қай кезде көз салсақ та,
Абыройлы жерлерден табыласыз.
Айта берсек, Көшеке-ау, бағаңыз көп,
Дей алмаймыз сіздей жан табамыз деп.
Сол кісінің дейміз бір інісіміз,
Мақтанамыз Көшекең ағамыз деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу