Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  71


Автор: Мырзатай Болат

ДОН-КИХОТ

Ат үстінен найзасын –
Соза шапқан Дон-Кихот!..
Жел – диірменге атойлап –
Қоза шапқан Дон-Кихот!..
«Табамын, - деп, - әділдік»,
Көп шауыпты Дон – Кихот!..
Ақырында қылышы –
Боқ шауыпты Дон-Кихот!..
Сонда-дағы арманын –
Тот баспаған Дон-Кихот!..
Адамдардың жанына –
От тастаған Дон-Кихот!..
Ойламаған бас қамын –
Мен де сондай қасқамын!
Қанша шабыс қалып тұр –
Елу жеті жастамын!..
Әкім-қара тулайды –
Тұзым түсіп шабына!..
Ала көзбен атады –
Таласардай тағына!..
«Пәленшеке!..» дейтінге –
Тілім менің келмейді...
Елдің айтқан ақылы
Жарғағыма енбейді!..
Бала-шаға уайымдар:
«Кімді жеңер жайың бар?..»
Маған дәйек қонбаған –
Ондай сөзді пайымдар.
Досым мақалдатады:
«Әй, сенікі – құр шығын!..»
Кім ашады. Құдай-ау,
Жүрегімнің тылсымын!?.
Мейманасы тасқанның –
Қисайтам,-деп қылшығын!..»
Шырылдайды кеудемде –
Шындық атты шымшығым!..
Қанша жерден ақсадым,
Қаншама рет қақсадым!..
Қақсауменен жүріп-ақ –
Талай итті жасқадым!..
Дүниені ұстап тұр


Ерінбейтін ерегес.
Мәңгіліктің заңы сол –
Бітіспейтін төбелес!..
Ыржаң қақты заманым!..
«Қылам, - деме – келемеш».
Дон-Кихоттар өлмейді,
Соңы, сірә, мен емес!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу