Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  79


Автор: Қалбай Әбдіраманов

ЖАҢЫЛЫП ҚАП...

Көкке өрлеген таулардан бұлақ аққан,
Сөз айтайын достықтан...
Ұлағаттан.
Ар-намыстың белгісі-алмас қылыш,
Орын алсын мәңгілік мұрағаттан...
Ажал келіп кезінде алқымдаған,
Соғыс жайлы айтуға тартынды ағам.
Соқа қалды соңында жырым-жырым,
Қанжар қалды қос жүзі
жалтылдаған...
Талай рет бұл қанжар қанға батқан,
Атой салып жауына жарқабақтан.
Бейбіт жатқан жүрекке бүлік салып,
Жау емес пе қаруды
Қармалатқан?!.
Бітті соғыс,
қантөгіс тәмамдалды,
Бастағандар соғысты...жамандалды.
Енді соғыс аңыздай,
ертегідей,
Бір тамаша біздерге заман қалды.
Бір-біріне барлық ел күліп қарап,
Қой үстіне құс жатыр жұмыртқалап.
Ірік ауыз шіріген сөз таратып,
Соғыс деген кетпегей былық тарап!
Барлық халық бұл күнде-жақын халық,
Достық жәйлі сөйлейміз батылданып.
Кіріскенде жел сөзге,ас басына,
Осы қанжар келеді...
Лапыл қағып!..
Сөз болғансоң керек қой
Көрнектілік,
Ер бейнесін жасаймыз сермеп кіріп...
Пьеса қойып жатқандай боламыз біз,
Ағалардың ерлігін ермек қылып...
Қандай жақсы ұрпақтың жаңылғаны,
Сарайлардың бірігіп салынғаны.
Танкілердің айналып тракторға,
Миллиард пұд астықтың алынғаны!...
Баяғының батыры сөз болады,
Ұмытылып ботаның боздағаны.
Ала бұзау анасын еркін еміп,
Уыз жайы кешірек қозғалады...
Ақ дастархан ортаға жайылады,
Кім біздерді қазақ деп айырады?!.
Бір столдан отыз ұлт тамақ ішіп,
Немісекең батаны қайырады...
Бүгін біздің осындай қазағымыз,
Бүгін біздің бар ұлтта назарымыз...
Жамандықтан ешқашан жеткен емес ,
Жақсылықтан жетпесе ажалымыз.
Аз дейсің бе айтуға татыр аңыз,
Шұбат ішіп,қымызды сапырамыз...
Қызып кетіп...
Бас кескен қанжарменен,
Кейде біздер нан кесіп отырамыз...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу