Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  86


Автор: Қалбай Әбдіраманов

МЕН ЕРТЕҢ ТАБЫЛМАЙМЫН!..

Сарғайып сағынышпен ала таңнан,
Сары ауыз жол сұрадым балапаннан.
Қапыда қанын шаштым
шөп үстіне,
Түсіріп жүрегімді алақаннан.
Сәуірдің көндім барлық қиынына,
Мамырдың баттым барлық ұйығына.
Маусымда жанын күйттеп, малын баптап,
Жусанбай гүл жинап жүр сиырына!
Шілдеде шіліктей боп белсенемін,
Тамызда тамызық боп мен сөнемін.
Тәніме қыркүйекте орақ тиіп,
Қып-қызыл гүл ішінде теңселемін.
Кемсеңдеп келді міне қара қазан,
Қаптады жердің бетін ала тозаң...
Жүмле жұрт жақсылықпен жыл күткенде,
Біз айтқан кімге дәрі жарапазан?!.
Азаптар мұнша неге құлын құдай,
Сәулем-ау,сезімің жоқ бұрынғыдай:
Сен мені таптап жүріп аяғыңа,
Келесің көтермелеп құныңды ұдай!..
Күттірме, келем деген кезіңде кел,
Күтумен шаққа жеттім өзім де өлер.
Сен мені тамырымнан қиып таста,
Айтып боп...шаймаласам сөзімді егер.
Мен құсап сенер болсаң еліңе сен,
Дән шашып төңірекке өніп-өсем.
Ерке өскен арпа ішінде бір түп бидай,
Мен ертең табылмаймын еңіресең!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу