Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  62


Автор: Қалбай Әбдіраманов

ҚАЙДАСЫҢ МЕН IЗДЕГЕН, АҚ БАРАБАН!.

Төгесiлiп барасың,қайран ғұмыр,
Сарқылып самаладай сайран,дүбiр.
Дiрдектеп Айбергенов жүгiрген жер,
Соңғы рет қағайыншы айнаңды бiр.
Қайтесiң таусылмастан,қайран шабыт,
Келесiң қырық жыл бойы майдан салып!
Бармысың,пулеметтiң соңғы оғы,
Соңғы рет кетейiншi сайран салып!..
Жiгiттер, бармысыңдар айналада,
Мен қазiр өрт салайын қай қалаға!..
Сiреңкенiң ең соңғы шөбiменен,
Тағына қайтып келдi тайған Аға!..
Жырымның iшi – Қасым, бетi – Қасым,
Оқылмасаң сен ендi оқыласың.
Ал ендi Құдай болсаң тоқтатасың,
Жыланның көтерiлген жетi басын!..
Жырларым қалайынша қақсайды өктем,
Ол ендi қолын созар басқа әйнектен.
Жердегi ғұламаның соңғысымын,
Кеш қалып...
Бiр материк ашпай кеткен.
Шомылып нұр iшiнен нұр таппадым,
Табам деп әдеуiр-ақ жыртақтадым.
Шуақ жоқ бұл жиһанда бардан басқа,
Жаңа нұр iздесеңдер,ұрпақтарым!..
Бұдан да айрылармын...тұра берсем,
Неғылған жаңалыққа құмар ең сен!..
Таң емес бұл заманда адамзатқа,
Басынан Эвересттiң құлап өлсең!..
Ал бiздiң аламыз бар,шаламыз бар,
Бары сол.Ендi қандай шарамыз бар!..
Ақынды кешiрiңдер арманда өткен,
Африкада туылған қара қыздар!..
Мен жырға жүргенiмде машықтанып,
Қашан кеп кеткен екен Ғашық -Ғарiп,
Ертiп-ақ өлсем деп ем өздерiңдi,
Мойыныма бiр барабан асып барып.
Қайдасың мен iздеген,АҚ БАРАБАН,
Дыбысы ай қасынан нақ тараған!..
Оянсын Ақ барабан даусыменен,
Ауызымды жарты ғасыр қақпалаған!..
Жатырмын Маңғыстаудың кеңдiгiнде,
“ҚАЗАҚҚА ХАТЫМ” кеттi белдiгiмде.
Бастан тәж,мына бастан бақ кеткенсоң,
Бармын деп мақтанамын ендi кiмге!..
Иленiп...
Топыраққа араластым,
Мен бұдан қайта өнуге жарамаспын.
Соңында мен мынандай боқ болдым ғой,
Кеше мен тәттiсi едiм АНАНАСтың!..
Ұшып ем қиырмен де,шиырмен де,
Қауызда дән қалмады үйiргенде.
Бәрiбiр бұл дүниеге кiм болғаның,
Бiр түсiп шыққаннан соң диiрменге.
Айтылар әңгiме де...кеп кеткенсоң,
Мектеп жоқ бiздер көрген мектептен соң,
Бардың не,
Бармадың не
Алма астына,
Барлығын өзге қағып жеп кеткенсоң!..
Артым әлек iздеумен,алдым әлек,
Тәңiрiм қалай айтсын,қарғыма,деп.
Бар мешiннiң қолында құралы бар,
Қағып жатыр БIР АЛМА қалды ма,деп!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу