Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  123


Автор: Қалбай Әбдіраманов

КЕЛIН КЕЛДI АУЫЛҒА...

Келiн келдi ауылға бұлғақтаған,
Келiн келдi...көйлегiн сырмақтаған.
Келiншектiң басында үкiсi бар,
Күй дауысы естiлiп тұр қақпадан!..
Әндi,күйдi қазақтың бәрi ұнатқан,
Қандай жақсы қобызды аңыратқан!..
Келiн келдi ауылға!
Келiн келдi!..
Күй дауысы шығады шаңырақтан!..
Бұл ауылда ендi ән аспандайды,
Серпiледi көңiлдi басқан қайғы!
Ендi жиын өлеңсiз аяқталып,
Ендi жиын өлеңсiз басталмайды!
Қандай жақсы ән салып,бидi бiлген,
Қанат қағып ұшады үй дүбiрден!..
Аққу ұшып келдi де,аққу ұшып,
Қарғаларға қиямет тидi бiрден!..
Қу домбыра ауылды сиқырлайды,
Бұл ауылда жоқ ендi қиқым қайғы.
Ел жатпайды жатқанша үкiлi қыз,
Сыртқа шығып ауыл-ел күй тыңдайды.
Таңнан ауыл тұрады дауыс тыңдап,
Саз дауыстан жанады,жан ұшқындап.
Әрбiр үйдiң көңлiнде қу домбыра,
Үкiлi қыз,
Ақ көйлек,
Таныс бұлғақ!..
Сол келдi де осы ауыл арайланды,
Сол келдi де көшеде...қан айналды.
Балалар да сол жердi айналшықтап,
Бозбалалар бас бұрып қарай қалды.
Соқыр келiп сол жерде ақиланды,
Сараң келiп сол жерде сақиланды!..
Бойжеткендi сол жерде желiк билеп,
Маңғаз бiткен сол үйге қоқиланды!..
Желiкпегiн,жас келiн,
Желiкпегiн,
Қоймас көршiң бәйгiнi берiп тегiн!
Аздан кейiн жұмыла iс бастайды,
Басып болып бұл ауыл зерiккенiн!..
Тыңдаған боп,енiсiп...бiрiңғайлап,
Өсекшi жұрт шығады тiлiн қайрап.
Ән-күй жақсы бiреуге,
Бiреулерге,
Қу домбыра қалса екен құрым байлап!..
...Айтқандай-ақ,аздан соң «халық» шықты,
Епсiмбай үш-төрт үйге барып шықты.
Жусанбай киркаменен лом көтерiп,
Мырқымбай кувалдасын алып шықты!..
Сөйттi де жұмыла «жұрт» iс бастады,
«Жұмыс»-тың бiзге мәлiм iшкi астары:
Жекпе-жекке қайрақпен шалғы шықты,
Құрманғазы күйiмен ұстасқалы...
Үш-төрт көршi...
Жиналып... үйтiлгелi,
Соғыстырды шығарып итiн берi.
Екi ұста көшеде орақ тiсеп,
Көлiк мiнген осы үйге бийпiлдедi!..
Бiз осындай «халық»-пыз қас көңiлдi,
Жеңу үшiн ән айтқан жас келiндi,
Ана көршi аулақта жасақ жинап,
Мына көршi бөшкенi таспен ұрды!..
Айналайын,жас келiн,бұлғақтаған,
Мынау елге ұнайды тiл қатпаған!..
Iлдiрiп қой қазыққа домбыраңды,
Шешiп қой көйлегiңдi,сырмақтаған!..
Әндi сүйген,айналдым,жүрегiңнен,
Мынау елдiң пиғалын бiлемiн мен.
Дина шешей қол созып домбыраға,
Құрманғазы шықпаған бұл өңiрден!..
Бұл елде азаншы бар,
Қазаншы бар,
Билеп отыр ауылды мазаршылар!..
Тағдырыңа көн ендi,айналайын,
Келiп түскен бұл елге...
ЖАЗАҢ ШЫҒАР!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу