Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  81


Автор: Қалбай Әбдіраманов

БОСАҒАДА БІР ҚЫЗ ТҰР...

Босағада бір қыз тұр жылтыңдаған,
Жаутаң-жаутаң қарайды шіркін, маған.
Ата-анасы бір жаққа кете қойса,
Бермес пе екен шығарып кілтін маған?!.
Досым, ойлан-оу,
Досым, ойлан-оу!
Тұра бермес жақсы қыз,
Осы бойдан-оу!
Досым, ойлан-оу,
Досым, ойлан-оу!
Әйелдің де балшығы,
Осы лайдан-оу!
Босағада бір қыз тұр күлімдеген,
Барайын ба алдыңа гүлім менен.
Әкең біліп қояды, шешең біліп,
Босағаңды тайдырсам ілінбеген.
Досым, ойлан-оу,
Досым, ойлан-оу!
Тұра бермес жақсы қыз,
Осы бойдан-оу!
Досым, ойлан-оу,
Досым, ойлан-оу!
Жаман қатын шығады,
Осы қайдан-оу!
Босағада бір қыз тұр жайтаңдаған,
Көңілінде бір сөз бар айта алмаған.
Босағаңды тайдырып кіре ғойсам,
Бір келіншек боласың қайқаңдаған!
Мен өзіңді түсімде көп көремін,
Кілтін берсең аржағын ептер едім.
Қашан көрсең аулада күйбеңдейді,
Әкең менен шешеңді жек көремін.
Әкең жаман аяғы маймаңдаған,
Шешең жаман етегін айрандаған.
Сен қалайша туылдың әппа-а-ақ болып,
Түсінбестен бұл іске қайран қалам?!.
Досым, ойлан-оу,
Досым, ойлан-оу!
Тұра бермес жақсы қыз,
Осы бойдан-оу!
Досым, ойлан-оу,
Досым, ойлан-оу!
Жаман қатын шығады,
Осы қайдан-оу!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу