Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  64


Автор: Қалбай Әбдіраманов

ҚОЛҒА НЕГЕ АЛМАДЫҢ?!.

Қолға неге алмадың ертеректен,
Жетемiн деп жүргенде желке кеткен!
Тарт қолымнан,
Қара талым!
Ән қылып таратамын,
Балапаным,
Бармысың еркелеткен?!.
Айналайын қасыңнан,
кiрпiгiңнен,
Сақта менi дұшпаннан
сырты күлген!
Мақта менi,
Қайтадан жақта менi,
Исi қазақ жаралған бiр түбiрден!
Неге алмадың иелеп
өзiң менi,
Бұл дүниеге келдiм бе езiлгелi?
Өлiп кете бере ме өзiменен,
Мұқағали ақынның сезiмдерi?!.
Тасың едiм теңiздiң шетiне атқан,
Тербетiлдiм толқында жетi батпан.
Сенi көрiп, Iзiңе ерiп-ерiп,
Шығамын мен!.. Түргелiп топырақтан!..
Жата алмаймын!
Мен ендi «сыр» беремiн:
Құлаққа азынаулақ кiрдi өлеңiм.
Адамзатта иісі бар бiрдеңенiң!
Жеңiлдет үстiмдегi топырақты,
Мен қазiр... түргелемiн!
Көтерем
жердiң бетiн қыртысталған,
Өлемiн жыртысқаннан,
қырқысқаннан!
Жiбер, құдай!
Жiбершi!..
Атан басым,
Жатамын ба кем болып
бiр тышқаннан!
Тарт қолымнан,
Мен саған үкiм етем!
Мен дағы сен сияқты үкiмет ем!
Құзғындай қазан ұстап отырғанның,
Көздерiн шұқып өтем!
Қапталында болайын бiр баспаның,
Әнеки құрдастарым!
Қатын сынды еркекпен отырғанша,
Жақсырақ қатындармен сырласқаным!
Жан Отаным!
Алданышым!
Арманым!
Дара таңым!
Сенi көрсем елжiреп баратамын!
Қара көзiм,
Ақ көйлек – бала кезiм,
Мынау саған созылған алақаным!
Қайда қашып қасымнан
барасың, ӘН?!.
Табытыңның қысылдым ағашынан!
Тарт қолымнан!
Бiр мәңгүрттiң алайын жағасынан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу