Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  85


Автор: Рахат Қосбармақ

Аямай-ақ жанымды

Аямай-ақ жанымды
Айттың маған «Келме» деп.
Ұмытып қап бар үнді,
Ән үйрендім мен бөлек.
Есім екі жарылды,
Сен – басқа да, мен – бөлек.
Мұңды ән еді ол керемет,
Мұңға жаның шөлдейді, ә?!
Айтып-айтпай не керек,
Аянышты ән келді ойға.
Шырқай бердім сол әнді,
«Шын сазым, – деп, – өзімнің» –
Сыйдырып ап ғаламды
Көлеміне көзімнің.
Артықты, әттең, көрмеймін
Аумағынан көзімнің.
Аласұрып,
Шөлдеймін
Ақ құмында Сезімнің.
Көзім менің көр болғыр,
Күлгін сәуле болса өткір;
Көтеріліп Жерден бір,
Көк бұлттарға кетсек бір.
Есалаң бір ой келді,
Ерекше нұр шашылып:
Жанарыма бейнеңді
Қояр ма едім жасырып?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу