Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  77


Автор: Баян Тіленшина

Жаңылдым ба?

Неше мезгіл күлкісіз күнелткелі?
Қаншама ай қайғымен түнектелді?!
Есептеші, арқалап азабыңды,
Мен кешемін нешінші күн-өткелді?
Нешінші түн ұйқысыз ой бағамын?
Нешінші мың «неге?» деп ойлағаным?
... Кеше екен деп сезуші ем жоқтығыңды,
Кеш екенін мен қалай байқамадым!
Деп тілеуші ең: «Бір шырқап асқақ әнді,
Жұп боп жүрсек қайғыны жасқап мәңгі!»
Қайда кеттің? Кім кесті тілегіңді?
Қайдан табам? Ой-санам тас қараңғы.
Тағдыр салған талқыға кім төзбейді!
Төзім-шебер жігерді күмбездейді.
Қанатынан қайрылса сыңар аққу,
Сыбызғы үннің арманын кім сезбейді!
Шаршағанда сүйеніш, қуатым ең,
Қамыққанда дауылдап қуатын –сен.
Қолыңды соз, адастым, ақ арманым,
Айсыз түн бұл! Ай болып туатын –сен.
Қайдасың сен? Мен қайда тұрақтадым?
Жазым едің. Күз болды-ау қурап бағым.
Жапалақты қиялмен қыран етіп, жаңылдым ба?
Сен бе едің сұлу сағым?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу