Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  88


Автор: Баян Тіленшина

Қыз махаббаты

Сүйемін деп мен саған айта алмадым,
Сүйерімді қалайша байқамадың?
Мен сені лапылдаған сөзбен емес,
Жалын атқан жүрекпен аймаладым.
Кінә тақпа, қисынсыз иілмедім,
Иілуім сырт көзге қиын менің,
Сен жымиған сәттерде мен шаттанып,
Сен мұңайсаң, жетпей ме күйінгенім?!
Неге сенсіз жаз көңілім күз болады?
Жалын атқан жанарға мұз тоңады!
Ғашығына арманын айта алмаған,
Қыз жүректің қинайды сыздағаны.
Айтпадым ба!?
Сезімді жасырмадым:
Сағынғанда сарғайды жасыл бағым,
Қуанғанда құс-көңіл сені іздеді,
Қуат болды дертіме қасымдағы үн.
Рас ол –мойыныңа оралмадым,
« Сүйемін» деп серт беріп, қол алмадым,
Айтпадым, айта алмадым, айтпаймын да!
Бірақ, мен басқа адамдық бола алмадым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу