Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  70


Автор: Баян Тіленшина

Ақырет түйінің не?

Көңіл-жас, шаттануды шет көрмейді,
Шын жігіт төмендемей, бетке өрлейді.
Шарапты мөлшерлеп іш. Ол – әзәзіл,
Тайғақ жол Мұратыңа жеткермейді.
Бұл шарап көңіл шерін тарқатады,
Бір сәтке жүк жеңілдер арқадағы.
«Кел қане, туысайық, ұғысайық,
Шарабың болса құйшы, бар ма тағы?»
Бір сәтке тазарады басқан қайғы,
Көңілің сыңар қанат аспандайды.
Батыр жігіт секілді сауыт киген,
Мың үйірді жеке айдап , жасқанбайды.
Сағым боп стаканда «балы» тұнған,
Ақ сайтан тайдырады бақытыңнан.
Жеп-жеңіл бу секілді түйдек-түйдек,
Тәп-тәтті жыр туады шабытыңнан.
Бұл шарап, жұқпайтынды «желімдейді»,
Қысыр сөз, « ұшқыр» оймен желіндейді.
Ақыры айналады жан досыңа,
Көзіңе басқа мақсат көрінбейді.
...Атадан мирас қалған асың емес,
Шарапты ішкендердің басы – елес.
Көз тұман, миың улы, мәңгүрт жансың,
Тіл, денең бағынбайды! Басың – егес.
Бұл шарап қоянды да батыр еткен,
Ақылсызды данышпан, ақын еткен.
Елес тірлік там-тұмдап тоқтар кезде,
Қандай түйін ұстайсың ақыреттен?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу