Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  97


Автор: Баян Тіленшина

Иманы қайсы Өмірдің?

Аяғың шаншып, бұрай ма?
Қуарып салды-ау шырай да.
Көтерілді қан қысым,
Не істеу керек мұндайда?!
Шыдашы, апа, шыдашы,
Дәрігер табар бір айла.
Бейшара болдым шарасыз,
Ем-домы бекер, санасыз!
Дәрменсіз мендей қыз таппай,
Өткенің жақсы ед баласыз!
Сұп-сұр боп қаның тартылып,
Бір мезет от боп жанасыз.
Жан бөліп жаннан бергенім,
Көзімді ашып көргенім,
Шарана шақтан кеудеңнен,
Ақ сүтіңмен емдедің.
Дәл қазір қолдау бере алмай,
Қысылып жаным терледім.
Жаралған мейір, төзімнен,
Айналдым, апа, көзіңнен!
Бар ықылас, пейілін,
Арнаған маған сезіммен,
Мен жүрген жаққа бұрылып,
Мені ойлап таңда көз ілген.
Жұбатпақ едім күлімдеп,
Иегім кетті-ау дірілдеп.
Жанарың неге сап-салқын,
Сұрай ма жылу «Күнім» деп?
«Жарығым Баян...» дегеннен,
Жаңылмас нәзік үнің тек.
Оу, Уақыт, қандай сор едің!
Көз жасы ма қорегің?
Тізерлеп, жылап сұранам,
Анамның берші керегін!
Жан саулығын қайтарсаң,
Айырбасқа бәрін беремін!
Тастама мені, жан анам,
Жаным бар егіз санаған,
Иманы қайсы Өмірдің,
Анасын бөлсе баладан!
Мен қалай жүрем өзіңсіз,
Сұраншы, ап-поу, Алладан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу