Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  55


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Құдық қазып, үй салып, дән еккен де...

Құдық қазып, үй салып, дән еккен де,
Кеудесінде жандары бөлек пенде.
Алдан тосып тұратын жақсылығы
Даяр бола бермейді дәметкенге.
Бітсе мұрын сорайып көз қасына,
Мұрны барда сіңбірген аз ба, сірә?!
Болмай қоймас дейтұғын жамандық та
Сақтана алсаң, жоламас өз басыңа.
Қолдан келсе, басатын қонышынан,
Жалғасатын немесе жең ұшынан,
«Астым-тастым, байлықты шаштым» – десе,
Құтыла алмас, бәрібір, борышынан.
Мал мен дәулет, бақ тайса, құралмаған,
Жақсылық пен кеңшілік бір Алладан.
Құдайға да келеді кінә артқысы
Тау басына талпынып шыға алмаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу