Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  88


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жазмыштан артық болмайды...

(шешендерге еліктеу)
Ат қадірін білмеген атқа терлік салмайды,
Жаман ит төбет болса да, күшік аты қалмайды,
Тәрбие көрген ұяда қияларға самғайды,
Биікте ұшқан қыранды қара құзғын қарғайды,
Ат мінбеген жаяулар
Аттылыға ерем деп
Өмір бойы сорлайды.
Терең теңіз, мұхиттың көлге көңілі толмайды,
Иісі шықпай тұрса да, жасанды гүл солмайды.
Өтірікке үйренген ақиқатқа нанбайды,
Кесірі көп қырсықтар жұмсағанға бармайды,
Өнегелі жақсы жар
Құдай қосқан еріне
Бар ғұмырын арнайды.
Уайымшыл пендеге күнде түнек орнайды,
Қанағаты жоқ болса қайғы бұлты торлайды,
Жатыпішер жалқаудың ұйқысы еш қанбайды,
Ошақтағы отыны құрғамаса жанбайды,
Өзгеге бере алмаған өзгеден де алмайды,
Есі кеткен еркектер өз үйіне қонбайды.
Жүзу білмес әумесер тайыз суда жалдайды,
Туғаны жоқ тура би адалдықты қолдайды,
Жаны аяулы жақсылар жақсылықты қорғайды,
Біреуге – жан, біреуге болған кезде мал қайғы,
Бәрін айт та, бірін айт!
Алатауға шықсаң да,
Етекте жатып бұқсаң да,
Жазмыштан артық болмайды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу