Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  373


Автор: Ғафу Қайырбеков

Кеудеге туған жердің нəрін жинап...

Кеудеге туған жердің нəрін жинап,
Жыр құйған ақындардың бəрі қымбат.
Солардың бірі өмірден кеткен сайын
Қалады қаным құрғап, тауым қирап.
Кең өлкем, көркің жақсы-ақ шығар,
Солар ғой одан сайын мақтап шығар.
Солармен сен қымбатсың, сен асылсың,
Өсірген өңшең өрім аппақ шынар.
Бір солар сені мұнша əулие еткен,
Шыға алмай қалғаныңда қалың өрттен,
Солардың құлын даусы шырқыраған
Ажалдың апатынан алып өткен.
Тиме сен, сүй оларды, қорға оларды,
Баққанша басқа масыл қарғаларды,
Қолдағы бар тұйғынның қадірін біл,
Қорлама, қолтықта да қолда мəңгі.
Көпсінбе, солар қаптап кетсін мейлі,
Бəрі де сенің қолың жетсін-дейді,
Олардың ең байғұсы сен деп өлер,
Көпсінбе, аспан құсын көпсінбейді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу