Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  111


Автор: Ғафу Қайырбеков

АЙДАР МЕН ƏЛИЯ

Бірің төртке, бірің толдың екіге,
Бір қарадың жарық дүние бетіне,
Екеуіңнің араларың бес-ақ күн,
Март айының жарасып тұр көркіне.
Сендер енді балалары көктемнің
Маңдайыңнан сүйетұғын көктен күн,
Немерелерім – шыбығымның шыбығы
Мен сендерді жүрегімнен өткердім.
Мен сендерді жанымменен қарсы алдым,
Жапырақтарым бар, – деп, – менің жар салдым.
Бөліп бердім бір-бір тамшы қанымнан.
Суалмасын, – деп, – тамыры бақшамның.
Тəтті біткен немереге жете ме,
Жетсе-дағы, көңіл күйін шерте ме,
Ғафурадан туған менің қос қозым,
Мен қой демен, ертелі-кеш еркеле!
Мен қақпайын ешқашанда бетіңді,
Мен ақтайын аталық бұл сертімді,
Сендер-дағы кісі болып өсіңдер
Жақсы жазған екі өлеңім секілді.
Бəрінен де аман-тірлік сол артық,
Ата-анаң салған жақсы жолы артық,
Өссін менің Əлияшым əн айтып,
Айдарына, ағасына қол артып.
Замананың жақсы бейбіт, уақыты,
Сендердікі берекесі, бар құты.
Біз жартылай бақыт көрдік амалсыз,
Балалардың бүтін болсын бақыты!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу