Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  87


Автор: Ғафу Қайырбеков

«ҚАЗАҚ ƏДЕБИЕТІ» ГАЗЕТІНЕ 60 ЖЫЛ

«Қазақ əдебиеті» – қазақтардың газеті,
Сорпасы көп осы күні, аз еті.
Сонда да оның қара қазан басына
Дəм татуға шақыратын əдеті.
Мен де бүгін алпыс жылдық той-дəмін,
Татамын-ау деген тəтті ойдамын.
Сен дегенде, еске түсер қайдағым,
Кең далама қаздай қанат жайғаным.
Жайғаныңда талмай биік ұшқаның,
Болды бірақ ала-құла аспаның,
Нағыз қазақ өз тілінде сөйлейсің,
Сен тұрғанда, қайтем сөзін басқаның.
Демегенмен «дүниені шайқадың»,
Мен де саған бастық болып байқадым.
Ия, сен де ұмытпаған шығар деп,
Сол кездегі орынбасардың айтқанын.
Қарашаңырақ, қара қазақ сардала,
Бұл қазақтың бар тілегі сол ғана,
Сенем сені бетіне ұстап өтер деп,
Мынау біздің етек-жеңі мол дала.
Сен арқылы сөзім жерде қалған жоқ,
Рахмет саған, көңілімде жалған жоқ,
Əр əрпіңді көзім сүйіп, өзіңді
Көкірегіме басып өтсем арман жоқ.
«Қуыс үйден шықпау үшін құр ауыз»,
Өзіңе арнап өлең жаздым бір ауыз.
Тағы жаба салмау үшін бір «жауыз»
О, жасаған, газетіне нұр жауғыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу