Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  63


Автор: Ғафу Қайырбеков

Мен шыр етіп түскен жер...

Мен шыр етіп түскен жер,
Қайран қопа Шұбалаң.
Қозғалады іштен шер,
Тағдырыңа мен алаң.
Ат қып мінген мен талай
Айналайын нар қамыс.
Дəуреніңде жағалай
Жортушы еді жолбарыс.
Одан бері келгенде
Мекен етті қабандар.
Сол күніңді көргенде,
Ерде қанша арман бар?
Одан бері бір күнде
Орналасқан көк бөрі
Сонау ұлы сүргінде
Қанға батқан бөктері.
Енді, міне, қалғаның
Күтім де жоқ, күйт те жоқ.
Шидей бойың, жан-жағың,
Маңайыңда ит те жоқ.
Мен қайтейін, мекенім,
Маңдайыңда қырсық бар.
Жер азудың не екенін,
Ел азудың не екенін
Қайдан білсін шымшықтар?
Неткен мынау басқа өмір
Меңіреу, мылқау, тұманды,
Өңшең тасыр, тас көңіл,
Кім жібітер бұларды?
Адам боп туып əуелде,
Итке айналған не сұмдық?
Заманақыр келерде
Жоғалта ма есін жұрт?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу